ТҮРКІСТАН: КЕЛЕСТІК ДИҚАНДАР ҚЫРЫҚҚАБАТТЫ САТУ ЖӨНІНДЕ ЕКІ ОБЛЫС ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЛІСІМ ЖАСАДЫ

210
Түркістан облысы, Келес ауданына Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарынан өкілдер келді. Олар Келес ауданы, Алпамыс батыр ауылдық округінің диқандарымен кездесіп, ерте пісетін қырыққабат өнімін тиімді бағада өткізу нарықтарын айқындау және ортақ келісім жасау бойынша кездесу өткізді.
Нәтижесінде Шығыс Қазақстан облысының «Ертіс» ӘКК АҚ-ның бас менеджері Асқар Сыздыков пен жеке кәсіпкер Нұрлан Сақпанов Алпамыс батыр ауылдық округіндегі жеке кәсіпкер Азамат Сәрсенбаевпен келіссөз жүргізіп, ерте пісетін қырыққабаттың 100 тонна өніміне (бағасы 1 кг – 140 тг), ал ашық алқапта егілген қырыққабаттың 100 тонна өнімін (бағасы 1 кг – 90 тг) сату және сатып алуға келісімшарты жасалып, қол қойылды.
Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысынан келген өкілдер Алпамыс батыр ауыл округіндегі «Алғабас-Дос» ЖШС-мен келіссөз жүргізіп, қырыққабат өнімінің 150 тоннасын сатып алу жөнінде келісім жасады.
Былтыр Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласында 906,5 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. 845500 гектар жерге егіс егіліп, жоспар 2100 гектарға артығымен орындалды. Егістікті әртараптандырудың нәтижесінде көкөніс, бақша, картоп өнімдерінің түсімділігі орташа есеппен 50 центнерге көбейіп, 3,3 млн. тонна өнім жиналып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Advertisements