ТҮРКІСТАН: НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ ҚАРСАҢЫНДА ТҮЛКІБАСТА «МЕКТЕБІҢЕ ДОМБЫРА СЫЙЛА» АКЦИЯСЫ ӨТТІ

213
Дархан даланы ән мен күйге бөлеткен домбыраның қазақ халқы үшін орны айрықша. Талай ғасырдан бері ұлттық құндылығымыз болып келе жатқан домбыра аспабы киелі және қастерлі.
Өткен жылы Түркістан облысы, Түлкібас ауданына қарасты Макаренко атындағы жалпы орта мектебінде «Мектебіңе домбыра сыйла» атты акция басталған болатын. Осы игі бастама Азаттық ауылындағы «Түркібасы» жалпы орта мектебінде жалғасын тапты. Өнегелі іс-шараға аудан әкімі Нұрлан Байғұт, ел ағалары мен мектеп ұжымы қатысты.
Аудан әкімі жұртшылықты береке мен бірліктің, бауырмалдық пен достықтың мерекесі Наурыз мейрамымен жиналған қауымды құттықтап, 15 оқушыға домбыра сыйға тартты. Мектепішілік домбыра үйірмесіне қатысушы оқушылар алдағы уақытта осы домбырамен өнер көрсетпек. Аталған шара алдағы уақытта эстафета ретінде өз жалғасын табады.
Мәдени шарада ел ағалары мектеп оқушыларын өнерге баулу мақсатында жүзеге асып жатқан акцияға ризашылығын жеткізді.
Сонымен бірге аталған білім ордасында ағаш егу акциясы өтіп, ел ағалары мен аудан әкімі Нұрлан Мархабатұлы мектеп ауласына 20 түп шырша екті. Алдағы уақытта көше және мекеме аулаларына ағаш егу іс-шарасы барлық елді мекенде жалғасын таппақ.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Advertisements