ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛДА 110 ДАНА ТІК ДРЕНАЖДЫ ҰҢҒЫМАЛАР ЖҰМЫС ІСТЕП ТҰР

219
Мақтаарал ауданында толассыз жауған жаңбырға байланысты 110 дана тік дренажды ұңғымалар жұмыс істеп тұр. 16 дана тік дренажды ұңғыма аудандағы қазіргі ахуалға байланысты шұғыл жөндеуден өтіп, іске қосылды. Оның ішінде Мырзакент кентіндегі жаңа мөлтек ауданда істен шыққан 1 тік дренажды ұңғыма да жер асты суын соруды бастады.
Ауданның суармалы жерлеріне “Достық” магистралды каналы арқылы ағын су жеткізіледі. Каналдың ағын су өткізу қабілеті секундына 120 текше метрді құраса, қазіргі таңда 8 текше метр/секунт ғана ағын су келуде. Сонымен қатар Мақтаарал ауданының Өзбекстан Республикасымен шекарасында орналасқан Орталық Мырзашөл коллекторында да судың деңгейі төмендегені байқалады.
Мақтаарал ауданы аумағында 2019 жылдан бастап “Ирригация және дренаждық жүйелерді жетілдіру-2 (ИДЖЖ-2)” жобасы жүргізілуде. Жоба аясында жалпы 223 дана канал, 208 коллектор, 150 бірлік тік дренажды ұңғыманы күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған болатын.
Қазіргі таңда жоба аясында 229 каналда ұзындығы 147,4 шақырымды құрайтын топырақты тегістеу жұмыстары, 156 шақырымда темір бетонмен қаптау және 8,5 шақырымда лоток орнату жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар 3 жыл ішінде 557 шақырымды құрайтын 127 дана коллектор механикалық тазалаудан өткен.
ИДЖЖ-2 жобасына енген 150 дана тік дренажды ұңғыманың 133 данасында бақылау ұңғымаларының құрылыс жұмыстары аяқталған. Алдағы уақытта жөндеуден өткен дренаждар толықтай іске қосылатын болса, ауданның егістік жерлерінің тұздануы төмендеп, жер асты суының көтерілуінің алды алынбақ.
Айта кетейік, Мақтаарал ауданда 60,9 мың гектар егісітік алқабын ағын сумен қамтамасыз етуге арналған 1142 шақырымды құрайтын 532 дана канал, 841 шақырымды құрайтын 288 дана коллектор және 341 дана тік дренажды ұңғыма бар.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Advertisements