Облыс әкімдіктеріне Бала құқықтары жөніндегі уәкілдер лауазымы енгізіледі

254

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Балалар жылын өткізу мәселелері қаралды. ҚР денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек және Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов баяндама жасады.

Отырыс басында Әлихан Смайылов Қазақстанның кішкентай балғындарын Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады. Мемлекет басшысының Жарлығымен 2022 жыл Балалар жылы болып жарияланды.

Білім және ғылым министрлігінің деректеріне сәйкес, Балалар жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары 7 бағыт бойынша 66 іс-шараны қамтиды. Олар қауіпсіздік, денсаулық, білім беру және бос уақытты сапалы өткізуге бағытталған.

Биылғы 5 айда 2,5 млн астам баланың қатысуымен 17 300 өңірлік іс-шара өткізілді, балалардың 59%-ы аз қамтылған отбасыдан шыққан.

Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-Министр балалардың білім алып, жан-жақты дамуына, демалуы мен медициналық қызмет алуына жағдай жасау мемлекеттің маңызды міндеті екенін атап өтті.

Жыл сайын елімізде жүздеген мектеп, балабақша, мәдениет және спорт нысандары салынады – мұның бәрі балалардың жан-жақты дамуы үшін қажет.

Үкімет басшысы Балаларды қорғау күні қашан да жазғы сауықтыру компаниясының бастамасы болғанын атап өтіп, Денсаулық сақтау министрлігіне жаз мезгілін барынша тиімді пайдаланып, кешенді шараларды қабылдауды тапсырды.

«Ең бастысы – көшеде, суда демалу кезінде, түрлі экскурсияларда балаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Балалар қатысатын кез келген іс-шараны ұйымдастыру, ең алдымен, олардың қауіпсіздігіне кепілдік беруі тиіс», — деді ҚР Премьер-Министрі.

Осыған байланысты салалық ведомстволарға тиісті қызметтердің жұмысын жұмылдырып, оқу орындарын қауіпсіздік жүйесімен жарақтандыру және жаңғырту жұмыстарын жандандыру тапсырылды.

Оған қоса, Ә. Смайылов облыс әкімдіктеріне әлеуметтік жағынан аз қамтылған санаттағы балаларды сауықтыру шараларымен, жазғы демалыспен және бос уақыттарын пайдалы өткізумен барынша қамтуды тапсырды. Барлық ауылдық елді-мекендерде спорт алаңдарын, балаларды дамыту орталықтарын жабдықтап, ойын-сауық, мәдени іс-шаралар ұйымдастыру қажет.

Денсаулық сақтау бойынша шалғайдағы елді-мекендерде балалардың денсаулық жағдайына скринингтік және стоматологиялық тексерулер жүргізу үшін жылжымалы медициналық пункттердің жұмыс істеуіне қатысты шаралар қабылдануы керек.

Одан бөлек, балалар құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету үшін өңір әкімдіктері жанындағы тәуелсіз Бала құқықтары жөніндегі уәкілдердің лауазымдарын енгізуді тездету тапсырылды.

Ішкі туризмді дамыту аясында балалар үшін экскурсиялық-танымдық іс-шаралар ұйымдастыру керек.

Балаларды үйірме және секциялармен қамту мақсатында мемлекеттік білім беру, спорт және шығармашылық тапсырыстар бойынша ақпараттық жүйелер интеграциясы қамтамасыз етіледі. Бұл секциялар мен үйірмелердегі нақты жағдайды көруге, сондай-ақ олардың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

«Қорыта айтқанда, барлық өңір әкімдеріне Балалар жылына арналған іс-шаралардың орындалуын жеке бақылауға алуды тапсырамын», — деп түйіндеді ҚР Премьер-Министрі.

Advertisements