2025 жылы Түркістан облысының жалпы өңірлік өнім көлемі 3,6 трлн теңгеге жетеді

256

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының биылғы 5 айдағы қорытындысы туралы баяндады. 

Түркістан облысының әкімі 5 маусым күні елімізде өткізілген республикалық референдумда өңір тұрғындары дауыс беру бойынша 1-орынға шыққанын  атап  өтті.

Анықтама: Жалпы 5 маусым сағат 07.00 мен 20.00 аралығында 939 268 тұрғын өз таңдауын жасады. Бұл дауыс беруге құқылы облыс тұрғындарының 80,6% құрады.

«Референдум қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Қазақстан халқына үндеу жасап, бірқатар нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою; кәсіпкерлерге қолдау көрсету және бәсекелестікті күшейту;  ауыл шаруашылығы мен қуатты көлік-логистика жүйесін дамыту; барлық салада цифрлық экожүйе қалыптастыру; азаматтар мен кәсіпкерлерді қорғайтын жаңа құқықтық жүйені әзірлеу. Жалпы Үндеуде айтылған тапсырмалар мен айқындалған міндеттер еліміздің экономикалық өсімін жеделдетіп, халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсартуда маңызды рөл атқаратыны сөзсіз», — деді өңір басшысы.

Жалпы, Түркістан облысының құрылғанына 4 жыл болды. Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң үрдіс байқалады. Атап айтқанда:

  • жалпы өңірлік өнім көлемі 1,6 есе артып, (2018 ж. – 1,7 трлн теңге) 2,8 трлн теңгеге жетті;
  • өнеркәсіп    өнім      көлемі      1,6      есеге      артып (2018 ж. – 453,8 млрд теңге) 707,8 млрд теңгеге жетті;
  • ауыл    шаруашылығы    өнімі    1,7    есеге артып, (2018 ж. – 544,3 млрд теңге), 906,5 млрд теңгені құрады;
  • 823,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдаланылуға беріліп (2018 ж. – 387,8 мың шаршы метр), 2,1 есеге өсті;
  • облыс    бюджетінің    көлемі    1,7    есеге    артып (2018 ж. – 565,1 млрд теңге), 970,3 млрд теңгені құрады;

Атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде биылғы 5 айда оң өсім сақталды. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 316,7 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 100,2% болып қалыптасты. Түркістан облысының индустриалдық аймақтарында жалпы құны 32 млрд теңгені құрайтын 44 жоба іске қосылып, 2 368 жұмыс орны ашылды.

«Осы жылы құны 4,2 млрд теңгені құрайтын 246 жаңа жұмыс орнын ашумен 6 жобаны іске қосу жоспарланған. Қазіргі таңда 793 млн теңгеге 2 жоба іске қосылып, 36 жұмыс орны құрылды»,  — деді Түркістан облысының әкімі.

Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, жалпы өнеркәсіп өнім көлемін 2022 жылдың қорытындысымен 751,3 млрд теңгеге жеткізу көзделген.

Өңірде 150 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді. «Қарапайым заттар экономикасы» арқылы 42,9 млрд теңгеге 315 жоба (ҚР – 1 орын) мақұлданған болса, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы арқылы 2,2 млрд теңгеге қолдау көрсету жоспарланып отыр. Шағын және орта бизнесті қолдау шараларының арқасында өндірілген өнім көлемі 47%-ға өсіп, 1,2 трлн теңгені (823,2 млрд теңгеден 1209,1 млрд теңгеге дейін) құрады.

Сонымен қатар облыста ауыл шаруашылығы саласында 199,3 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 101,2%-ды құрады (2021 ж. 5 айы 170,3 млрд. теңге). Ауыл шаруашылығы негізгі капиталына тамақ өндірісіне 5,3 млрд теңге инвестиция тартылды. Биыл егіс көлемі 851 000 гектарға орналастырылып, жоспар 100%-ға орындалды. яғни, өткен жылға қарағанда 5 500 гектарға ұлғайды (2021 ж. – 845,5 мың га). Қосымша 26,6 гектарға жылыжайлар салынып, өңірдің республикадағы үлесі 71%-ды құрап, алаңы 1494 гектарға жетеді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 1590 гектарды құрайтын болады.

Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, мал мен құс басы және өнімділік орта есеппен 3-4%-ға артуда. «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы бойынша 8 400 гектар жерде 3 000 жоба жүзеге асырылып, 145 500 тонна көкөніс өнімі жиналды. Жалпы 3,1 млн тонна көкөніс, бақша, картоп өнімдері жиналады деп күтілуде. Сондай-ақ Түркістан қаласы аумағында азық-түлік белдеуін қалыптастыру аясында құны 34,3 млрд теңгені құрайтын 5 серпінді ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Тұрақтандыру қорында құны 327,6 млн теңгені құрайтын 3 615,8 тонна тауар бар. Бұған қоса қосымша 1 млрд теңге қаржы бөлініп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының 12 түрін алуға бағытталатын болады. Тұрақтандыру қорын толықтыру үшін 136 тонна қант сатып алынды. Бұдан бөлек, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Азық-түлік келісім шарт корпорациясына» 1000 тонна қантқа өтінім жолданды.

«Жалпы жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 998,3 млрд теңгеге, өсім қарқыны 104%-ға жеткізілетін болады», — деді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Өңірде жалпы жайылым жер көлемі – 8864,7 мың гектарды құрайды. Шаруашылық жүргізуші кәсіпорындар үшін жайылым жер жеткілікті.

Облыс әкімінің айтуынша, негізгі мәселе, елді мекендердегі жұртшылық шаруашылығындағы мал басына қажетті ортақ жайылымның тапшылығы орын алып, 2021 жылдың басында елді мекендердегі жайылым тапшылығы 7 164,7 мың гектарды құрады. Аталған мәселені шешу мақсатында әрбір ауылдық округ бойынша талдау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде есептік мерзімге жайылым тапшылығы – 3 119,8 мың гектар болды. 2021 жылы 133 елді мекенге 135,8 мың гектар жайылым жер ортақ жайылымға бекітіліп берілді.

«2022 жылға екі бағыт бойынша елді мекендердегі ортақ жайылым жерлерін қосымша 1012 мың гектарға ұлғайту жоспарланып, жыл соңына дейін ортақ жайылым көлемін 1 760 мың гектарға жеткізу көзделген. 1-бағыт: мақсатына сай пайдаланылмаған жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жолымен 405,2 мың га; 2-бағыт: ірі жер пайдаланушылар мен меморандум арқылы 606,8 мың га», — деді Ө.Шөкеев.

Анықтама: Қазіргі таңда 14 мың гектар жайылым жерлер мемлекет меншігіне қайтарылып, 85,1 мың гектарға меморандум түзілді.

Бұл өз кезегінде облыс бойынша 112 ауылдық округті ортақ жайылыммен қамтамасыз ететін болады. Ал 2025 жылға дейінгі жоспарға сәйкес ортақ жайылымды кезең-кезеңімен 2 896,2 мың гектарға ұлғайту жоспарланған.

Түркістан облысының әкімі 2021 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға бағытталған инвестициялар көлемі 2,3 есеге артып (2018 ж. – 288,1 млрд теңге), 660,3 млрд теңгені құрағанын атап өтті. Өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында облыс бойынша 2020-2025 жылдары 323,3 млрд теңгеге 4 823 жаңа жұмыс орны құрылатын 34 инвестициялық жоба қолға алынады. 2020-2021 жылдары инвестициялық құны 13,6 млрд теңге болатын 19 жоба жүзеге асырылды, нәтижесінде 2 015 жаңа жұмыс орны құрылды.

«2022 жылы 48 млрд теңгеге, 696 жаңа жұмыс орнын құрумен, 6 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз», — деді облыс әкімі.

Облыс құрылғаннан бері құрылыс саласы едәуір дамып, нәтижесінде құрылыс жұмыстарының көлемі 2021 жылдың қорытындысымен 2,3 есеге артып, (2018 ж. – 139,1 млрд теңге) 322,9 млрд теңгеге жетіп отыр. 2022 жылдың   қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстары 329,3 млрд теңге мөлшерінде болады деп күтілуде.

Жыл басынан бері пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 191,5 мың шаршы метрді құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,7%-ға артты. Облыста тұрғын үйді пайдалануға тапсыру жоспары 855 мың шаршы метр болып белгіленді.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің мәліметінше, 2021 жылдың қортыныдысы бойынша 8 елді мекенде су құбыры қайта жаңартылып, 20 елді мекенге жаңа ауыз су құбыры тартылды, нәтижесінде 717 (85,2%) елді мекен немесе 1 млн 932 мың адам (94,5%) ауыз сумен қамтылды. Осы жылы 14 елді мекеннің су құбыры қайта жаңартылып, 13 елді мекенге жаңа ауыз су құбырын тарту жоспарланған. Нәтижесінде 730 елді мекен немесе 1 млн 987 мың адамды қосымша қамту көзделген. 2025 жылға қарай 841 елді мекен, яғни халық  100% ауыз сумен қамтамасыз етіледі.

Сонымен  қатар қазіргі уақытта 252 нысан пайдаланушы ұйымның теңгеріміне өткізілді. Газбен қамтамасыз етілген елді мекендердің жалпы саны 457-і құрады немесе 54,3%-ға (1 млн 374 мың адам немесе 67,2%) жетті. 2022 жылы 50 нысанның құрылысы жүргізілуде, 33 400 тұрғыны бар 15 елді мекен мен 4 мөлтек ауданды (Шардара қаласы) газға қосу жоспарланған. Нәтижесінде, 472 елді мекен немесе 1 млн 407 мың адам көгілдір отынды пайдалануға мүмкіндік алады.

«14 АГРС салынды, оның ішінде 10 нысан жұмыс істеп тұр, 3-і биыл қосылады (Қызыләскер, Ескі Иқан, Тоболин), 1-уі (Шанақ) келесі жылы пайдалануға беріледі. Жалпы 2025 жылдың қорытындысы бойынша қосымша 250 елді мекенге газ құбырын тартып, газбен қамтамасыз етуді 722-ге (1 791 мың адам), қамту көрсеткішін 87,6%-ға жеткізу жоспарланған», — деді Өмірзақ Шөкеев.

Түркістан  облысы әкімінің айтуынша, 2021 жылы 32 000 тұрғыны бар 40 елді мекен сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілді. Ал 2022 жылы қосымша 38 300 тұрғыны бар 10 елді мекен электр энергиясымен  жабдықталады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста 265 елді мекенде 358,9 мың тұрғынды сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету көзделген.

Айта кетейік, Түркістан облысы бойынша автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы 17 515,7 шақырымды құрайды. Жыл соңына дейін 591 нысан немесе 1 189,1 шақырым пайдалануға беріліп, нәтижесінде, жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 79%-дан 87%-ға дейін артты. Сонымен қатар 2022 жылы құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 500 нысан немесе 1 349,2 шақырым жол мен көшелер қамтылады. Жалпы облыста қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 2025 жылға дейін 100%-ға жеткізу жоспарланған.

Өңір әкімі Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, Түркістан қаласында туризм саласын дамыту оның әлеуетін арттыру әрі туристерге тартымды ету бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Туризм саласы бойынша инвестиция көлемі өткен жылы 102 млрд теңгені құрап, республика бойынша қала 1-ші орынға шықты. 2021 жылы облыста «Керуен Сарай» көпфункционалды туристік кешенінде демалыс орындар және туристік нысандары (Ramada by Wyndham, Emir Plaza, Rich Hotel, Grand Villa, Golden Ray Turkistan Hotel, Этно Парк Резорт)  іске қосылды. Түркістан облысы — тарихи және мәдени мұраға бай өлке. Өз кезегінде өңірде Түркістан, Кентау қалалары мен Отырар, Ордабасы, Бәйдібек аудандары бағытында тарихи-танымдық туризмі, Сарыағаш курорты аумағында емдік- сауықтыру туризмі, Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт аудандарында экологиялық туризм түрлері қарқынды дамып келеді. Соның бірі ретінде туризмді дамытудағы алар орны ерекше «Қасқасу туристік-рекреациялық кешені» жобасы қолға алынды (инфрақұрылым жүргізу).

«Жоба туристік саланы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының өңірлік маңызы бар туристификациялау картасының ТОП-50-іне енгізілген. Сондай-ақ 2022 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша Түркістан қаласына біркүндік келушілер саны өткен жылмен салыстырғанда 29 574 адамға артып, 296 919 (2021 ж. 5 айы – 267 345) құраған», — деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Кешен өңір экономикасын дамытуға елеулі үлес қосып, жаңа жұмыс орындарымен (инвестиция сомасы – 88 млрд теңге, 600 жұмыс орны) қамтамасыз етеді.

Түркістан қаласын одан ары қарай дамытудың 2-кезеңіне тоқталған өңір басшысы оның 4 аумақта жүзеге асырылатын атап өтті.

1-аумақ. Аэропорт аумағы: 12 жоба іске асырылады. Оның ішінде, 100 орындық қонақ үй, 3 самолетке ангар, 400 га қара өрік бағы, 50 га жерге жылыжай, 10 мың бас ірі қара бордақылау кешені, 1 200 бас тауарлы-сүт өндіру фермасы салынады.

2-аумақ. Әкімшілік-іскерлік орталығы: 57 жобаны салу жоспарланған. Атап айтқанда, теннис орталығы, мұз сарайы, ат-спорт кешені, демалыс орындары және инженерлік инфрақұрылымы. Сондай-ақ, 4,8 млн шаршы метр тұрғын үй салып, 46 мың пәтер пайдалануға беру көзделген. Денсаулық сақтау саласында жедел медициналық жәрдем станциясы және «Ана мен бала» орталығы салынып жатыр.

3-аумақ. Б.Саттарханов даңғылы: спорттық кешен, Яссы желілік саябағы, ірі сауда орталықтары, 182 га универститеттік ботаникалық бақ, «Парк Лайн» коттедж кешені.

4-аумақ. Мәдени-рухани орталық: Күлтөбе қалашығының тарихи нысандары қалпына келтіріледі, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағы абаттандырылады. Бұдан бөлек, Керуен Сарай тұрғын үй кешені, Аманат коттеджі қалашығы, Medina Palace қонақ үйі, Хилует мәдени-рухани орталығы салынып жатыр.

«Түркістан қаласын дамытудың 2-кезеңіне тартылған жалпы инвестициялар көлемі 1,3 трлн теңгені құрады, оның 1 трлн теңгесі немесе 77%-ы – жеке инвестициялар. Яғни бюджеттен бағытталған 1 теңгеге жеке инвестициялардың 3 теңгесі тиесілі», — деді Өмірзақ Шөкеев.

Жаңа кешенді жоспарды іске асырудың нәтижесінде 2025 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 3,6 трлн теңгеге жеткізілетін болады. Басты мақсат – халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыру. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жұмыстар өз жалғасын табады.

Advertisements