Ералы Тоғжанов ауыл әкімдерімен кездесті
Елімізде алғаш рет Халықтың табысын арттыру бағдарламасын іске асыру аясында «AMANAT» партиясының жетекшілігімен «Ауыл Аманаты» бағыты бойынша Ақмола, Ақтөбе, Қызылорда облыстарының ауылдық округтерінің әкімдерін оқыту басталды. Бұл ауыл экономикасын дамытуға және тұрғындардың табыс деңгейін арттыруға бағытталған «Ауыл Аманаты» бағытының бірінші кезеңі. Осы бағыттың маңызды жері жекелеген аумақтағы халықтың табыс деңгейін арттыру индикаторы бойынша ауылдар мен аудандар әкімдерінің қызметін бағалау жүйесін енгізу болмақ.
Ақмола облысында оқыту 19 ғимараттан тұратын оқу-материалдық базасы бар Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде жүргізіледі. Оқу орнында 900-ден астам қызметкер жұмыс істейді, олардың ішінде 536-сы – профессор-оқытушылар құрамы.
Вице-премьер Ақмола облысының орталығында өтіп жатқан дәріске қатысты. Ауыл әкімдері өз сұрақтарын қойып, оларға толық жауаптар алды.
«Өздеріңіз білетіндей, 14 сәуірде Халықтың табысын арттыру жөніндегі кешенді жоспар бекітілді. Айта кетейік, халықтың нақты табысын арттыру мүмкіндігі пайда болды, сондай-ақ бұдан былай осы бағдарламаны орындау сіздердің қызметтеріңізді бағалауға тікелей әсер ететін болады. Аталған семинар 13 маусымда Ақмола, Ақтөбе және Қызылорда облыстарында басталды. Барлығы 2400-ге жуық ауыл әкімін оқытуды жоспарлап отырмыз», — деді Ералы Тоғжанов.
Үш күндік семинар «Табысты көбейту мақсатында халықтың экономикалық белсенділігіне әсер ету саласында басшының біліктілігін арттыру» тақырыбында өткізіліп жатыр.
«АMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша, оқыту барысында қатысушылар ауыл скринингі мен маркетингтік талдау жүргізуді, ауыл экономикасын дамытудың перспективалық бағыттарын айқындауды, ауылдың мамандануын анықтауды үйренеді. Сондай-ақ әкімдер ауылда әлеуеті бар табысты бизнес-жобаларды іске асырудың практикалық дағдыларын меңгереді.
«Оқыту ауыл әкімдеріне ауылдардағы үй шаруашылықтарының табыстарын нақты арттыруға қол жеткізуге, “2025 жылға дейінгі халықтың табысын арттыру” мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында жұмыс орындарын құруға көмектеседі. Осы бағдарламаның басымдықтарының бірі – ауыл шаруашылығы саласында жұмыспен қамтуды ұлғайту; туризмде жұмыспен қамтуды және халықтың табысын арттыру факторы ретінде кәсіпкерлер табысының өсуін ынталандыру», — деді Э. Жұмағазиев.
Оқу процесінде дағдыларды практикалық дамытуға баса назар аударылады. Сондықтан семинар барысында қатысушылар алған білімдерін іс жүзінде өзекті кейстерді (жем-шөп әзірлігі, ІҚМ сүт бағытын дамыту, етті ІҚМ және ҰМ, ЖҚШ үшін ірімшік жасау, ТҚС, сұлулық салоны, тігін шеберханасы және т.б.) мысалға келтіре отырып, пысықтайды.
Семинар нәтижесі бойынша қатысушы ауыл бизнесінің скринингін өз бетінше ұйымдастырып, жүргізе алады, зерттеу қорытындысы бойынша мамандандыру мен экономикалық тиімді бизнес-жобаларды анықтайды, сонымен қатар алған білім негізінде оларды іске асырады. Бизнес-жоспарларды дайындауды үйрену, жобаларды қаржыландырудың, сертификаттау мен стандарттаудың мүмкін көздері туралы толық ақпарат алады. Кооперативтерді ұйымдастыру және өткізу тізбегін құру жүйесін меңгереді. Әр саланың технологиялық карталары бойынша ұсыныстарды сақтау арқылы тиімді өндіріс процестері бойынша түсініктеме алады.
Бірінші кезеңде 517 ауыл әкімі оқытылады.