Денсаулық сақтау министрлігінің міндеті 2025 жылға қарай 30 жаңа өндіріс құру — А. Ғиният

264

Бүгін, 14 маусымда, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен кезекті Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде медициналық және фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту мәселелері қаралды. Бұл тақырыпта денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният және «Нобел Алматы Фармацевтикалық фабрикасы» АҚ бас директоры Сельчук Танрыверди баяндама жасады.

Денсаулық сақтау министрлігінің басшысының айтуынша, қатерлі ісіктерге, диабетке және ревматизмге қарсы препараттар өндірісінің айтарлықтай өскені байқалады және жылына 12%-ды құрайды.

Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін отандық өндірістің үлесін фармацевтикалық нарықта 50%-ға дейін жеткізу міндетін алға қойды. Оны іске асыру үшін фармацевтика өнеркәсібін дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары бекітілді.

Кешенді жоспарды іске асыру үшін барлық шараларын шоғырландыру оң әсер берді және:

– ТМККК және міндетті ӘМСЖ шеңберінде жоспарлау жүйесін жетілдіруге;

– әлемдік практика негізінде өтемақы және қолдау шараларын енгізуге;

– технологиялар трансферті және дербес ғылыми және клиникалық зерттеулер арқылы инновацияларды дамытуға;

– ҚР аумағында өндірісті оқшаулау үшін Big Pharma-ны тартуға;

– отандық тауар өндірушілерді оқшаулау деңгейін және жергілікті қамту үлесін арттыруға мүмкіндік берді.

Алайда жаңа даму деңгейіне шығу қажеттілігі, тәуекелдер мен жаңа әлемдік трендтерді ескеріп, сондай-ақ мемлекет пен бизнестің жоспарлары мен мүддесін назарға ала отырып, Кешенді жоспардың жаңартылған нұсқасы әзірленді.

Жалпы, фармацевтика саласында өндіріс көлемінің өскенін атап өткен жөн. 2021 жылы фармацевтика өнеркәсібі оң серпіна көрсетті, бұл ретте фармацевтикалық өнімнің көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 124%-ды құрайды.

«Осы жылдың қаңтар-сәуір айларында фармацевтикалық өнім көлемі өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 5%-ға өсті. Бұл «Химфарм» АҚ, «Нобель АФФ» АҚ, «Абди Ибрагим ГлобалФарм» ЖШС, «Келун-Казфарм» ЖШС өндірістік алаңдарында дәрілік заттар өндірісі көлемінің өсуімен байланысты болды», — деді А. Ғиният.

Қазақстандық фармацевтика өнеркәсібі мемлекеттік қолдаудың арқасында тиімді инвестициялардың зор әлеуетіне ие болды. Осылайша, отандық тауар өндірушілермен мемлекеттік қолдаудың арқасында 10 жылға ұзақ мерзімді шарттар жасау сатып алу үлесін ақшалай мәнде 2010 жылы 15%-дан 2021 жылы 41%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі отандық өндірушілерге қолдау көрсету үшін мынадай шаралар қабылдады:

1) пандемия кезінде отандық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қауіпсіздігі мен сапасына бағалау жүргізу және отандық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тіркеу сараптамасы жеделдетілді;

2) ұзақ мерзімді шарттар жасасуға өнім берушілерді іріктеу өлшемшарттары қайта қаралды;

3) ұзақ мерзімді шарттарды орындауға мониторинг жүргізіледі.

Бірыңғай дистрибьютор 37 отандық тауар өндірушімен 5 007 дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың атауын (811 ДЗ және 4 196 МБ) жеткізуге 96 ұзақ мерзімді шарт, оның ішінде дәрілік заттарға 43 ұзақ мерзімді шарт және медициналық бұйымдарға 53 ұзақ мерзімді шарт жасады. Қазіргі уақытта жасалған ұзақ мерзімді шарттар шеңберінде 37 инвестициялық жоба іске асырылуда, оның ішінде дәрілік заттар бойынша 12 жоба, медициналық бұйымдар бойынша 23 жоба бар.

Фармацевтикалық кәсіпорындар көлік хабтарының жақынболуына, шикізат пен жұмыс орындарының қол жетімділігіне байланысты негізінен Алматы, Қарағанды облыстарында, Шымкент және Алматы қалаларында шоғырланған.

Сонымен қатар салада мынадай проблемалар бар:

  • отандық тауар өндірушілердің генерикалық препараттары төмен рентабелді болып табылады;
  • ЕАЭО шеңберінде дәрілік заттар айналымының рәсімдері шектелген;
  • ҚР фармацевтикалық субстанциялар өндірісі жоқ және дайын өнім экспортының деңгейі төмен;
  • фармацевтикалық өндірістің арнайы бейінді мамандары өте аз;
  • дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың жаңа әзірлемелерін қаржыландыру механизмі жоқ;
  • дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың өндірісін іске қосу үшін бастапқы шығындардың жоғары болуы.

Елдің қазіргі фармацевтикалық өндірістің жағдайын жақсы деп бағалауға болмайды: оның көлемі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға қажеттілікті тек қана 24%-ға қамтамасыз етеді. Бұл ретте Қазақстан дәрілік заттарды өндіруге арналған технологиялар мен компоненттердің, сондай-ақ фармацевтикалық препараттар мен субстанциялардың импортына тәуелді болып қалуда.

«Бұдан басқа фармацевтика саласындағы отандық ғылым мен білімнің әлеуеті мен қаржыландыру мәселелері төмен деңгейде. Сала проблемаларын жедел шешу үшін министрлік медицина және фармацевтика өнеркәсібін дамыту мәселелерін үйлестіру кеңесін құрады, оның құрамына мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері кіреді», — деді Ажар Ғиният.

Сондай-ақ министрлік инновацияға, өндірістерді оқшаулауға, фармацевтика саласына шетелдік инвестицияларды тартуға баса назар аударып, оффтейк-келісімшарттарды қайта қарау жұмысын жүргізуде.

Отандық тауар өндірушілердің 50% үлесіне қол жеткізу үшін мынадай шаралар қабылдануда:

– ұзақ мерзімді шарттарда акцентті, яғни қолдауды, медициналық бұйымдардан дәрілік заттарға ауыстыру;

– Бірыңғай дистрибьютормен жасалған ұзақ мерзімді шарттар жобаларын іске асыру;

– R&D орталықтарын құру;

– ұзақ мерзімді шарт жасау мақсатында оригиналды препараттарды оқшаулау;

– қымбат тұратын инновациялық препараттарға ұзақ мерзімді шарттар жасау;

– ұзақ мерзімді шарттардың талаптарын, оның ішінде ұзақ мерзімді шарттарды бұзу шараларын қатаңдату.

Фармацевтика саласы Polpharma, Nobel, Abdi Ibrahim, Kelun International Development, Фармстандарт (Польша, Түркия, Қытай, Ресей Федерациясы және т.б.) сияқты ірі шетелдік инвесторлардың келуімен индустрияландыру жылдары елеулі дамыды.

Индустрияландырудың екінші бес жылдығында фармацевтика саласына келген тікелей инвестициялар ағыны $270 млн асты.

Геосаяси дағдарыс және әлемдік экономикалық қоғам тарапынан санкциялық қысым жағдайында Қазақстанның ұлттық дәрілік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық ықтимал ресурстарды жұмылдыру қажет.

Отандық фармацевтикалық өнім үлесінің төмен екенін (24%) ескере отырып, отандық тауар өндірісін «қайта қарау» орынды деп есептейміз.

Отандық өндірісті дамыту үшін Pfizer, Bayer, Sanofi және тағы басқалар сияқты ТОП-50 кіретін ірі әлемдік фармацевтика индустриясымен өзара іс-қимылды дамыту қажет.

Отандық ғылыми-зерттеу институттарын, R&D орталықтары үлгісіндегі ірі медициналық жоғары оқу орындарының ғылыми зертханаларын тарту, сондай-ақ оларды еркін экономикалық және индустриялық аймақтарда ашу фармацевтикалық кластерлерді дамыту үшін жақсы ынталандыру болады.

Бүгінгі таңда 7 Big Pharma-ның фармацевтикалық компаниясымен келісімшарттық өндірістің 13 инвестициялық жобасы бойынша келіссөздер жүргізілуде (Hoffmann-La Roche (Швейцария), Novo Nordisk (Дания), AstraZeneca (Ұлыбритания), Sandoz (Швейцария), TAKEDA (Жапония) PFIZER, ATABAY Pharmaceuticals and Fine Chemicals). Инвестиция құны 17 млрд теңгеден асады.

«Біз қымбат тұратын инновациялық өнімдер өндірісін дамытуға, саланың технологиялар трансферін және цифрландыруды ілгерілетуге, сондай-ақ кластерлік бастаманы дамытуға ерекше көңіл бөлеміз. Қазіргі уақытта Ақтөбе, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында 3 кластерлік аймақ қарастырылуда. Бұл өңірлерде өндірістік алаңдар мен үздік медициналық жоғары оқу орындарының болуына байланысты», — деді денсаулық сақтау министрі..

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет 2021 жылдың желтоқсанында биологиялық қауіпсіздік пен биофармацевтикалық инфрақұрылымды тұрақты дамыту үшін «QazBioPharm» Ұлттық холдингі» АҚ құрды. Холдингтің міндеті – «QazBioPharm» даму стратегиясын әзірлеу.

Бұл холдинг елдің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, биофармацевтикалық нарықтың инфрақұрылымын тұрақты дамытуға және жетілдіруге, биофармацевтикалық ғылым мен өнеркәсіптің дамуын ынталандыруға мүмкіндік береді.

Министрліктің міндеті – 2025 жылға қарай 30 жаңа өндіріс құру, отандық өндірушілердің үлесін 50%-ға арттыру, бұл өз кезегінде фармацевтикалық өндіріс көлемін 2,5 есеге ұлғайтады.

Advertisements