Қазақстан 2026 жылы тікелей шетелдік инвестициялар көлемін $25,5 млрд-қа дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр

275

Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен Қазақстанның инвестициялық саясатының 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасы қаралып, бекітілді. Тұжырымдамада көзделген негізгі нысаналы индикаторлар туралы ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов айтып берді. Шетелдік инвестицияларды тарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров баяндады. Өңірлердегі инвестициялық жағдай туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев айтып берді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, Дүниежүзілік банктің қатысуымен Қазақстанның инвестициялық саясатының 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасын әзірледі.

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Т. Жақсылықовтың айтуынша, 2026 жылы негізгі капиталға инвестициялар деңгейін ЖІӨ-нің 25,1%-ына дейін жеткізу және тікелей шетелдік инвестициялар көлемін $25,5 млрд-қа дейін ұлғайту – Тұжырымдама жобасында көзделген негізгі нысаналы индикаторлар.

Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін Тұжырымдама жобасы инвестициялар құрылымын қосылған құны жоғары тауарларды өндіруді бәсекеге қабілетті болатындай етіп өзгертуге мүмкіндік беретін жаңа трендтерді ескере отырып, инвестициялар тарту саясатын қайта қарау жөніндегі шаралар кешенін көздейді.

Инвестициялық дамудың негізгі пайымы әрбір саланың экономиканы дамытуға қосқан үлесін ескере отырып, инвестициялар тартуға теңдестірілген тәсілден тұрады. Өңдеу өнеркәсібі бәсекеге қабілеттілікті арттырудың басты драйвері болып табылады.

Т. Жақсылықовтың сөзінше, еңбек өнімділігінің өсуіне, экспорт көлемін ұлғайтуға және күрделілігін арттыруға, неғұрлым жоғары қайта бөлу өнімінің жаңа өндірісін игеруге және өндірісті кезең-кезеңімен оқшаулауға баса назар аударылады. Бұл орайда мемлекеттік қолдау жеке капиталдың жетіспеушілігі бар жоғары технологиялық капиталды қажет ететін жобаларды іске асыру үшін басым көрсетілуі тиіс және олар ESG стандарттарының сақталуын көздейді.

«Екінші маңызды драйвер – қызмет көрсету секторы. Фокус өңірлік және жаһандық жеткізу тізбектеріне тиімді интеграциялау үшін қажетті инфрақұрылымды дамытуға, сондай-ақ стратегиялық маңызды инвестициялық жобаларды іске асыру үшін технологиялар трансферті мен кәсіби құзыреттерді дамытуға шоғырландырылатын болады. Мемлекеттің қатысуы қоғамның тыныс-тіршілігінің тұрақтылығы үшін стратегиялық және маңызды әлеуметтік саладағы жобаларда басым болады», — деді ұллтық экономика бірінші вице-министрі.

Ел экономикасындағы үлкен үлеске байланысты шикізат секторы инвестициялар ағынының маңызды бағыты, сондай- ақ өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін ресурстық база болып қала береді. Т. Жақсылықовтың сөзінше, Бұл жерде негізгі салаларды дамыту үшін жалпы жүйелік жағдайлар жасауға, оның ішінде жаңа қайта бөлуді дамытуға, негізгі құралдарды жаңғыртуға, технологиялар трансфертіне, тиімділік пен экологиялылықты жақсартуға баса назар аударылатын болады. Осы бағытта мемлекеттік қолдау тек деңгейлес шараларға ғана көзделетін болады: инженерлік инфрақұрылымды жүргізу, жер қойнауын пайдалану құқығы, мемлекеттік кепілдіктер, жеңілдетілген тәртіппен шетелдік жұмыс күшін тарту.

Елдің одан әрі инвестициялық дамуы барлық инвестициялар үшін, әсіресе еңбек өнімділігі мен экспортқа бағдарланған инвестициялар үшін тиісті орта құрумен байланысты. Осыған байланысты Тұжырымдама жобасы негізгі үш бағыт бойынша құрылымдалған жүйелі сипаттағы 45 нақты іс-шарадан тұратын іс-қимыл жоспарын қамтиды.

Бірінші. Ашық және болжамды инвестициялық саясатты қалыптастыруға бағытталатын инвестициялық экожүйені одан әрі дамыту. Осы бағыт аясында құқықтық режимді жетілдіру, сот төрелігіне сенім мен ақпаратқа қол жеткізуді жақсарту, ведомствоаралық үйлестіруді нығайту, сондай-ақ жобалар мен өндірушілерді ілгерілетудің цифрлық құралдарын жасау арқылы инвесторлар үшін институционалдық орта мен инфрақұрылым жетілдірілетін болады.

Екінші. Нарықтарға қолжетімділікті жақсарту және компаниялардың қалыптасуы үшін тұрақты және ауыртпалық салынбайтын жағдайлар жасауды көздейтін жеке сектордың инвестициялық белсенділігінің өсуіне жәрдемдесу. Екінші бағыт бойынша іс-шаралар:

– банктерді, мемлекет қатысатын қорларды, квазимемлекеттік сектор компанияларын және т.б. қоса алғанда, стратегиялық және бөлшек инвесторлар тарапынан қаржыландыруды, оның ішінде әріптестік қаржыландыруды тарту;

– қазақстандық қор нарығын капиталдың халықаралық нарықтарына интеграциялау мен ілгерілетуді және сыртқы портфельдік инвестицияларды тарту;

– мемлекеттік-жекешелік әріптестіктегі тәсілдерді кешенді реформалау;

– жауапты инвестициялау қағидаттарын қолданудың өсіп келе жатқан үрдісінің маңыздылығын ескере отырып, орнықты даму жобаларына инвестициялар тартуды ынталандыру.

Үшінші. Экономиканың инвестициялық әлеуетін ашу. Бұл бағытта мынадай іс-шараларды іске асыру көзделген:

– тиімсіз меншік иелерін ауыстыра отырып, дәрменсіз кәсіпорындардың нарықтан жедел шығуы үшін банкроттық рәсімдерін оңайлатуға;

– капиталдар ел экономикасына қайтарылған жағдайда оларға рақымшылық жасау;

– қазақстандық компанияларды шетелдік юрисдикциялар мен офшорлық аймақтардан АХҚО юрисдикциясына ауыстыру (редомициляция) және т. б.

Жалпы тұжырымдама жаңа инвестициялық циклды қалыптастыруға және жаңа трендтерді ескере отырып, инвестициялар тарту саясатын қайта қарауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде жаһандық энергетикалық және технологиялық көшу ESG талаптарын күшейту жағдайларында елдің тартымдылығын арттыруға бағытталған жүйелі шаралар іске асырылатын болады.

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров Қазақстанның шетелдік инвестициялар ағыны бойынша 46% үлесімен Орталық Азияда бұрынғысынша көш бастап тұрғанын айтты.

«Соңғы 5 жыл ішінде біздің еліміз жыл сайын 20 млрд доллардан аса инвестиция тартуда. Жаһандық пандемияға байланысты 2020 жыл ерекше жағдай болып, бұл кезде әлемдік инвестициялар ағымы 35%-ға азайды. 2021 жылы инвестициялық ағындар қалпына келіп, Қазақстан $23,7 млрд тартып, 37,7%-ға өсу көрсетті. Инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасына сәйкес тікелей шетелдік инвестициялар жыл сайынғы ағыны 2026 жылға қарай $25,5 млрд-ты құрауы қажет», — деді А. Айдаров.

Жалпы, 2021 жылы Қазақстанға негізгі инвесторлар ретінде Нидерланды, АҚШ, Швейцария, Ресей Федерациясы, Қытай, Бельгия, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Түркия және Франция кірді. Француз Республикасын қоспағанда, олардың барлығында өсім байқалды.

Барлық негізгі салалар бойынша өсім байқалды: тау-кен өнеркәсібі – 18,3%-ға, өңдеу өнеркәсібі – 65,4%-ға, сауда – 46,7%-ға, қаржы және сақтандыру қызметі – 57,2%-ға, құрылыс – 37,8%-ға. Бұл ретте инвестициялардың төмендеуі білім беру, денсаулық сақтау – 61,6%-ға, сумен жабдықтау – 74,4%-ға салаларында байқалды.

2021 жылдың қорытындысы бойынша шетелдік инвестицияларды тарту бойынша нысаналы көрсеткіштер 11 өңір бойынша орындалды және асыра орындалды. Ең жоғары өсімді Түркістан, Маңғыстау облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы көрсетті. Нысаналы көрсеткішке қол жеткізбеу Жамбыл, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында тіркелді.

«Инвесторлармен жұмыс істеуде нақты тәсілді қамтамасыз ету үшін инвестицияларды тартудың үш деңгейлі жүйесі құрылды және табысты жұмыс істеуде. Сыртқы деңгей – бұл біздің барлық 104 Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері және KAZAKH INVEST өкілдері. 2021 жылдың қорытындысы бойынша олармен 1,5 мыңнан астам компания қамтылды. Орталық деңгей – бұл барлық министрліктер мен квазимемлекеттік ұйымдар. Олар 2700-ден астам кездесу өткізді. Өңірлік деңгей – бұл барлық әкімдіктер. Өткен жылы өңірлерге шығумен шетелдік делегациялардың 615 сапары ұйымдастырылды. Қорытынды ретінде жыл сайын кем дегенде шетелдіктердің қатысуымен 40 ірі жоба іске қосылады», — деді А. Айдаров.

Президенттің тапсырмасы бойынша биыл сәуір айында елімізде іске асырылып жатқан барлық инвестициялық жобалардың бірыңғай пулы қалыптастырылды. Аталған пул тоқсан сайынғы негізде жаңартылып, министрліктер мен әкімдіктердің сайттарында жарияланды. Бүгінгі таңда пул жалпы көлемі 24,4 трлн теңгені құрайтын 765 жобадан тұрады және 112 мың жаңа жұмыс орнын құруды көздейді. Көптеген жобаларды іске асыру 2025-2026 жылдарға дейінгі кезеңдерді қамтиды. Осы жылы 3,2 трлн теңге сомасына 306 жоба пайдалануға беріледі деп күтілуде. Оның ішінде шетелдік компаниялардың қатысуымен 40 жоба бар.

Енгізілетін жобалардың ішінде: араб инвесторларының Нұр-Сұлтан қаласында көпфункционалды кешен салуы, Қарағанды облысында Татнефть компаниясының шиналарын шығаратын зауыт, Ақтөбе облысында 48 МВт жел электр станциясының екінші кезегін салу бойынша ENI/General Electric жобасы, баламалы электр көздері бойынша ШҚО, Алматы, Түркістан, Ақтөбе облыстарындағы 5 жобалар және т.б.

А. Айдаровтың айтуынша, шетелдік инвесторларға нақты ұсыныстар қалыптастыру үшін барлық салалардан «инвестицияларға тапсырыстар» қалыптастырылады. Халықаралық стандарттарға сәйкес 200-ге жуық инвестициялық ұсыныс дайындалды және буып-түйілді, олардың 159-ы бойынша жергілікті серіктестер бар.

Сыртқы істер министрлігі заттай гранттар, кедендік және салықтық жеңілдіктер ұсынуға арналған инвестициялық келісімшарттар жасайды. Пандемия мен басқа да дағдарыстық құбылыстарға қарамастан аталған мемлекеттік көрсетілетін қызметті цифрландыру мен бизнес-процесстерді тұрақты жетілдірудің арқасында инвестициялық келісімшарттардың саны мен инвестиция көлемі артуда.

Мәселен, инвестицияларды мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде, егер 2018 жылы тек 33 келісімшарт жасалса, 2021 жылдың қорытындысы бойынша 85 инвестициялық келісімшарт жасалды.

Осы жылы 44 келісімшарт жасалды, сондай-ақ 100–ден аса келісімшарт жасауды көздеп отырмыз. Келісімшарт жасау бойынша Нұр-Сұлтан қаласы, Маңғыстау, Қарағанды және Алматы облыстары – неғұрлым белсенді өңірлер.

«Жаңа Инвестициялық саясат тұжырымдамасын, ESG қағидаттарын, сонымен қатар еліміздің қажеттіліктері мен әлемдегі қазіргі жағдайды ескере отырып, келесі салаларға инвестиция тартуға назар аударуымыз қажет. Бұл әрине, тікелей шетелдік инвестициясының үлесі 1%-дан аз болатын агроөнеркәсіп кешені, көлік және логистика, қызмет көрсету секторы, финтех, жасыл энергетика, сирек жер металдары», — деді А. Айдаров.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, осы жылдың 5 айында қала экономикасына 131,1 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 29%-ға ұлғайды. Жыл соңына дейін 538 млрд теңге инвестиция тарту жоспарлануда, 2021 жылмен салыстырғанда 16%-ға артады деп күтілуде.

«Жалпы, 2022-2025 жылдары қалада жүзеге асырылатын құны 2,6 трлн теңгені құрайтын 242 инвестициялық жобалар пулы қалыптастырылды. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібі саласында құны 550 млрд теңгені құрайтын 45 жоба іске асырылады», — деді Мұрат Әйтенов.

Қала әкімі ірі жобаларға тоқталды. Бірінші, «KAZALPACK» компаниясы осы жылы құны 23,4 млрд теңгені құрайтын алюмин банкілерінің өндірісі жобасын іске қосып, 150 жаңа жұмыс орны құрылды. Сондай-ақ бұл кәсіпорын 2023-2025 жылдары алюмин тақталары мен листтер өндірісі жобасын іске асырады. Инвестиция көлемі 40 млрд теңге, 350 жаңа жұмыс орны құрылады.

Екінші, «Karlskrona» компаниясы құны 26 млрд теңгені құрайтын гидравликалық насостар өндірісі жобасын жүзеге асырады. Онда 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Үшінші, Өзбекстандық инвестордың қатысуымен «Orient Ceramic» компаниясы құны 13 млрд теңгеге керамикалық тақталар өндірісі жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. 300-ден астам жаңа жұмыс орны құрылады.

Төртінші, 1 000 орындық көпфункционалды университеттік клиника мен заманауи емхана жобасын іске асыру көзделген. Инвестиция көлемі 120 млрд теңге. 3 мыңға жуық жұмыс орны құрылатын болады. Қазіргі таңда жобалау жұмыстары аяқталып, сараптамадан өтуде.

Бесінші, «Asia Trafo» компаниясының құны 7 млрд теңгені құрайтын трансформатор өндірісі. Жоба аясында Орталық Азияда теңдесі жоқ жоғары кернеулі реакторлар шығарылады.

Шымкент қаласының әкімі биыл өңдеу өнеркәсібі саласында құны 83 млрд теңгеге 25 жоба іске асырылатынын атап өтті. Нәтижесінде, 2 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады.

Бүгінгі күні қалада жалпы аумағы 743 га құрайтын 4 индустриялық аймақта 185,3 млрд теңгеге 130 жоба іске асырылып, 8 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Аймақтардың толымдылығы 90%-дан асты.

«Қала экономикасының қарқынды дамуына және инвесторлар тарапынан сұраныстың артуына байланысты жаңадан 4 өндірістік алаң ашу жұмыстары басталды», — деді Мұрат Әйтенов.

Бірінші, «Жұлдыз» индустриялық аймағы. Аумағы 306 га. Бүгінгі күні инженерлік инфрақұрылымның құрылысы жүргізілуде. Бұл аймақта 200 млрд теңгеге 50-ден астам ірі инвестициялық жоба іске асырылады. 5 мыңға жуық адам жаңа жұмыс орындарымен қамтылады. Бүгінгі таңда, 17 жобаға жер телімдері беріліп, инвесторлар жұмыстарын бастап кетті.

Екінші, «Бозарық» агро-индустриялық аймағы. Аумағы 132 га. Басты бағыты – ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу. Инфрақұрылым құрылысы жүргізілуде. Аймақта 23 млрд теңгеге 21 инвестициялық жоба іске асырылатын болады. Бүгінгі таңда 7 млрд теңгеге 6 жобаны іске асыруға жер телімдері ұсынылды.

Үшінші, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын кеңейту. Қазіргі таңда «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын кеңейту бойынша қосымша 175 га жер учаскесі анықталды. Бұл аймақта құны 150 млрд теңгеге 30-дан астам ірі жобаны жүзеге асырып, 3 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда.

Төртінші, «Стандарт» жеке меншік индустриялық аймағы. Аумағы 119 га құрайды. Бұл аймақтың ерекшелігі – инвестор өз қаражаты есебінен 176 мың шаршы метр дайын өндірістік алаңдарын салып, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне ұсынады. Кәсіпкерлерге қаржы институттары мен мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау көрсетіледі. Бүгінгі таңда аумақтың құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

«Шымкент қаласының әкімдігі, 2025 жылға дейінгі инвестиция тарту жоспарына сәйкес жұмыстар жүргізуде. Біздің жоспарымыз бүгінгі Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігімен ұсынылған 2026 жылға дейінгі Инвестициялық саясат тұжырымдамасына сәйкес келеді», — деді қала әкімі.

Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады.

Advertisements