АРЫС: АРНАЙЫ ТОП ОҚ-ДӘРІЛЕРДІ ЗАЛАЛСЫЗДАНДЫРУ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

267
Бүгін Арыс қаласының іргесінде орналасқан әскери бөлім аумағында орналасқан қоймалардағы оқ-дәрілерді жою мен залалсыздандыру жұмыстарын әскерилер қалай жүргізетіні ашық жағдайда көрсетілді. Қорғаныс министрлігі мен Арыс қаласы әкімдігінің бірлескен шарасына әскери бөлімнің жауапты мамандары мен қала әкімі Гүлжан Құрманбекова, прокуратура мен қалалық Ардагерлер ұйымының жетекшісі, БАҚ өкілдері және қоғам белсенділері қатысты.
Қала әкімі Гүлжан Мамытқызы бастаған топты №44859 әскери бөлімінің командирі Көпжасар Ерназаров пен Қазақстан Республикасының Қарулы күштері Бас штабының инженерлік әскерлер департаментінің бөлімше бастығы подполковник Ержан Досымбеков күтіп алып, әскери бөлім аумағын аралатты.
Ал инженерлі-саперлі батальон командирі подполковник Руслан Акишев әскери бөлімнің техникалық аумағында жарылғыш заттарды жою мен залалсыздандыруы және саперлардың қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, қалай жұмыс істейтіні туралы баяндады.
Түске қарай әскери бөлім аумағын аралап, танысу процесі Арыс қаласынан 50 шақырым қашықтағы оқ-дәрілерді жоятын «Бастарма» полигонында жалғасын тапты. Ол жерде 9 шұқырға салынатын оқ-дәрілер мен жарылғыш заттар көлемі, жарылыс әсері көрсетілді.
Әкімдік өкілдері мен қала ардагерлері тұрғындар тарапынан жарылыс дүмпуінен пайда болатын дыбысты бәсеңдету мақсатында оның құрамына қосылатын қоспаны азайту жөнінде ұсыныс айтылды. Өз кезегінде әскерилер ұсынысты назарға ала отырып, алдағы уақытта жұртты үрей құшағында қалдырмау үшін әрекет жасайтынын жеткізді.
Advertisements