АРЫСТА ЗАМАНАУИ ҮЛГІДЕГІ ДЕМАЛЫС АЙМАҒЫ АШЫЛДЫ

235
Арыс қаласында бір мезетте 700 адамға қызмет көрсете алатын демалыс аймағы ашылды. Жергілікті кәсіпкер Олжас Сансызбайұлының «Тайбурыл» демалыс аймағы қаланың кіреберісіндегі Арыс өзенінің жағасында 2,1 гектар аумақта орналасқан. Демалыс аймағының салтанатты ашылуына қала әкімі мен Ардагерлер ұйымының өкілдері және жергілікті тұрғындар қатысты.
«Бұл демалыс аймағында балаларға ғана емес, ересектердің де сапалы қызмет тұтынып, уақытты пайдалы өткізуіне барынша қолайлы жағдай жасалған. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы биліктің кәсіпкерге қолдау көрсетуінің нәтижесінде, жобаны Арыс атырабындағы туризм саласының дамуына қосылған ерекше үлес деп атап өтуге тұрарлық», – деді қала әкімі Гүлжан Мамытқызы.
Ерекшелігі сол – демалыс аймағында 1 мың шаршы метрлік балалар мен ересектер бассейні бар.
«Бассейіндегі 1,5 мың куб суды 7 сүзгі мен насос талапқа сай әрі уақытылы тазартады. Оған қоса, шомылу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін арнайы нұсқаушылар мен құтқарушылар қызметі де ұйымдастырылған», – дейді демалыс аймағының иесі Олжас Сансызбайұлы.
40-тан астам азаматты жұмыспен қамтуға қауқарлы орталықта киім ауыстыратын бөлме мен арнайы қажетті заттарды сататын дүкен де іске қосылған.
Advertisements