НЕГІЗГІ БАСЫМДЫҚ БАЛЫҚ ӨСІРУ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА БЕРІЛГЕН – С. БРЕКЕШЕВ

217


Балық шаруашылығы – экономикалық өсудің және халықты жұмыспен қамтудың негізі ретінде экономикадағы маңызды салалардың бірі. Балық шаруашылығындағы негізгі қызмет – балық аулау және жасанды балық өсіру. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің айтуынша, Қазақстанның табиғи су айдындарында жыл сайын шамамен 40-45 мың тоннадай балық ауланады. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді.

Өз кезегінде, былтыр 15 мың тоннаға жуық балық өсірілді. Бұл 2017 жылғы деңгейден 5,5 есе жоғары. Сонымен қатар Қазақстанға шамамен 41 мың тонна мұхит пен теңіз балық түрлері (скумбрия және майшабақ) әкелінеді және 25 мың тоннаға жуық балық және балық өнімдері экспортталады. Оның негізгі үлесі терең өңделген өнім (балық филесі) болып табылады. Бұл ретте, отандық балық өнімдері әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті.

«Негізгі міндет балықтың ішкі тұтынуын арттыру, сондай-ақ теңізде балық аулауды игеру және тауарлық балық өсіру шаруашылығын дамыту есебінен экспорттық әлеуетті одан әрі ұлғайту және біртіндеп импортты алмастыру болып табылады», — деді ведомство басшысы.

Серікқали Брекешев Қазақстан жан басына шаққанда, балықты аз тұтынумен сипатталатынын атап өтті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бір адамға жылына кемінде 16 килограмм балық өнімдерін тұтынуды ұсынады. Қазақстанда бұл көрсеткіш 4 килограммнан аз, оны арттыру қажет. Өз кезегінде көршілес Ресей мен Қытайда бір адам сәйкесінше 23 және 43 кг тұтынады. Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің айтуынша, көрші елдердің шекаралас аудандарын ескере отырып, балық өнімдерін экспорттау үшін әлеуетті ниша 3 млн тоннадан астам болуы мүмкін.

Оның айтуынша, бүгінгі күні елде мыңнан астам балық шаруашылығы субъектісі жұмыс істейді. Оларға 1646 балық шаруашылығының су айдындары мен учаскелері бекітіліп берілген. Өткен жылы шамамен 45 мың тонна балық ауланды. Бұл салада 12 мыңнан астам адам еңбек етеді. Балық аулау негізінен Атырау, Алматы, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында жүргізіледі.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі балық ресурстарының табиғи популяциясын сақтау бойынша тұрақты негізде шаралар қабылдайды. Ең алдымен, бұл браконьерлікпен күрес. Бұған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Маңғыстау және Атырау облыстарының тұрғындарымен кездесуі барысында назар аударды.

«Президенттің тапсырмасын орындау үшін браконьерлікке қарсы күресті күшейту жөнінде қосымша шаралар қабылдайтын боламыз. Бұл, ең алдымен, балық инспекцияларын заманауи материалдық-техникалық құралдармен толық жарақтандыру және табиғат қорғау органдарының өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру», — деді Серікқали Брекешев.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, биыл 61 млн теңгеден астам сомаға 4,5 мыңнан астам бұзушылық анықталды және 65 млн теңге сомасына талап қойылды. Құқық бұзушыларды қылмыстық жауапкершілікке тарту жағдайларының саны өсті. Бұл балық шаруашылығы саласындағы құқық бұзушылықтар үшін жауапкершіліктің күшеюін көрсетеді.

Балықтың уылдырық шашу кезеңінде қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады. Мәселен, мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен (ЭГТРМ, ІІМ және ҰҚК) Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында жыл сайын «Бекіре» балық қорғау акциясы өткізіледі. Қалған өңірлерде «Уылдырық шашу» және «Таза су айдындары» акциялары өткізіледі.

Биоәртүрлілікті сақтаудың өзекті мәселелерінің бірі Каспий итбалықтарының популяциясын қалпына келтіру болып табылады. Каспий итбалығы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Мемлекет басшысы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру бойынша тапсырмасына сәйкес ғылыми негіздемені (ЕНО) әзірлеу басталып кетті. Нәтижелерді келесі жылдың қаңтар айында алуды жоспарланып отыр. Содан кейін техникалық-экономикалық негіздемені (ТЭО) әзірлеу қолға алынады.

Браконьерлікпен күрестің тиімділігін арттыру мақсатында өткен жылы инспекцияларды материалдық-техникалық жарақтандыруды нығайту бойынша елеулі жұмыс жүргізілді. Аумақтық инспекциялар паркінің шамамен 30% жаңартылды. Бұл бағытта жұмыс жалғасуда.

Қорғау шараларымен қатар, жыл сайын табиғи су айдындарының балық ресурстарын сақтау және молайту бойынша шаралар қабылданып жатыр.

«Мәселен, мемлекеттік балық өсіру кәсіпорындары жыл сайын құнды балық шабақтарының жасанды өсімін молайтуды қамтамасыз етеді. Бірақ олардың өндірістік базасы тозған, жаңғырту жүргізуді қажет етеді. Атырау облысында Президент бұл мәселеге тоқталып, Атыраудағы екі бекіре балық өсіру зауытын реконструкциялауды және жаңғыртуды тапсырды. Біз инвестициялық ұсыныс әзірлеп, Ұлттық экономика министрлігінің қарауына енгізетін боламыз», — деді С. Брекешев.

Бұдан басқа, Атырау облысында 2018-2020 жылдары Жайық және Қиғаш өзендерінің сулылығын арттыру және гидрологиялық режимін жақсарту бойынша жобалар жүзеге асырылды. Каналдардың жалпы ұзындығы 194 шақырымды құрады. Осы жылы республикалық бюджеттен 3 млрд теңге бөлінді. Бұл бағытта жұмыстар жалғасады.

Сонымен қатар Президенттің тапсырмасына сәйкес, келесі жылы кеме қатынайтын су жолдарында түп тереңдету жұмыстары басталатынын атап өту маңызды. Бұл балықтардың уылдырық шашатын жерлерге өтуі үшін қосымша қолайлы жағдай жасайды, сондай-ақ балық аулау кемелерінің Каспий теңізіне кедергісіз шығуына мүмкіндік береді.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев бизнес үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған заңнаманы жетілдіру аясында айтарлықтай жұмыс атқарылғанын атап өтті.

Бұдан басқа, өндірілетін және өсірілетін балықты терең өңдеу, сонымен қоса, қосылған құны жоғары балық өнімдерін шығару үшін жағдай жасау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Өткен жылы өңдеуге 35 мың тонна шикі балық жіберілді, нәтижесінде 29 мың тонна балық өнімдері алынды.

Қазіргі уақытта, 72 балық өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді, оның ішінде 17 кәсіпорын жоғары талаптарға сай келеді және балық өнімдерін Еуропалық одақ елдеріне экспорттау құқығын алды. Бұл ретте, қосымша тағы 14 қазақстандық кәсіпорын осындай экспорт құқығын алуға өтінім берді.

Сондай-ақ экспорттық нарықты кеңейту мақсатында Қазақстан мен Қытай арасында ветеринариялық сертификат келісілді, ал Қытай тізіліміне 64 қазақстандық кәсіпорын енгізілді.

Сонымен қатар «Салық кодексіне өзгерістер енгізу туралы» заң жобасының шеңберінде балық өңдеумен айналысатын субъектілер үшін қосымша құн салығын (ҚҚС) 70%-ға төмендету көзделген. Заң жобасы Парламент Сенатының қарауында. Сондай-ақ отандық шикізаттан алынған терең өңделген балық өнімдерін субсидиялауды енгізу жоспарланып отыр. Тиісті заң жобасы («Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы) Үкіметтің қарауына енгізілді.

Сондай-ақ Серікқали Брекешевтің айтуынша, көлеңкелі айналымды азайту үшін балық өнімдерін қадағалаудың ақпараттық жүйесі әзірленуде.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің басшысы балық шаруашылығында қабылданып жатқан шаралар қазіргі проблемаларды шешу үшін жеткіліксіз және көптеген мәселелер бірқатар шұғыл шешімдерді талап ететінін айтты. Атап айтқанда:

  • Заңсыз балық аулау фактілерінің болуы (браконьерлік).
  • Балық шикізатының жетіспеушілігіне байланысты балық өңдеу кәсіпорындарының өндірістік қуаттарының жүктелмеуі.
  • Каспийдің теңіз балық түрлерін аулауға арналған квотаны игермеу (килька, майшабақ, кефаль).
  • Браконьерлікпен күресу үшін қаражаттың жеткіліксіз бөлінуі.

Бұл мәселелерді шешу үшін мына шаралар ұсынылып отыр:

Бірінші. Браконьерлікті төмендету мақсатында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің әзірленіп жатқан жобасы шеңберінде жауапкершілікті күшейту ұсынылды. Яғни, айыппұлды 20-дан 50 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін ұлғайту және 1 жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін – 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу.

Екінші. Балық өңдеу кәсіпорындарының өндірістік қуаттарын толтыру үшін балықты салқындатылған және мұздатылған түрде экспорттауға тыйым салу мәселесі қаралуда.

Анықтама үшін:

Осы шектеулерді енгізу:

– балық өңдеу кәсіпорындарының қуатын жүктеу;

– балық өңдеу саласын дамыту есебінен экспортты ұлғайту;

– қосылған құны жоғары балық өнімдерін шығаруды және іскерлік белсенділіктің өсуін қамтамасыз етеді.

Үшінші. Балық аулау флотының кемелері мұнай танкерлері мен құрғақ жүктердің тарифтеріне бірдей (портқа бір кіру үшін шамамен 500 мың теңге). Егер килька өнімдерінің төмен бағасын ескерсек, бұл қымбат болып табылады. Сондықтан Каспийдің теңіз балық түрлерін (килька, майшабақ, кефаль) игеру үшін заңнамалық деңгейде теңіз флотын жеңілдікпен кредиттеу немесе лизинг жолымен сатып алу мәселесін шешу қажет. Сондай-ақ порт қызметтеріне тарифтерді төмендету мәселесін пысықтау керек.

Төртінші. Инспекцияларды толығымен жарақтандыру үшін алдағы 3 жылға қосымша 8 млрд теңге қажет. Бұл бұзушыға алғашқы деректерді жедел, сапалы толтыруға және браконьерлікке қарсы күрестің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Балық өсіру шаруашылығына қатысты экология, геология және табиғи ресурстар министрі Біріккен ұлттар ұйымы Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының бағалауы бойынша акваөсіру әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан бағыт. Соңғы 25 жылда акваөсіру көлемі 4 есеге өсті, ал осы кезеңде балық аулау көлемі тұрақты деңгейде қалып отыр.

«Қазақстанның балық өсіру шаруашылығының да әлеуеті зор. Соңғы 5 жылда өсірілген балық көлемі 2,7 мың тоннадан 15 мың тоннаға дейін немесе 5,5 есеге ұлғайды. Балық өсірумен 380 шаруашылық айналысады, онда 1,5 мыңнан астам адам жұмыс істейді», — деді Серікқали Брекешев.

Advertisements