ЖЕКЕ КӘСІПКЕР МЕРЕКЕДЕ БАЛАЛАРҒА БАЗАРЛЫҚ ЖАСАДЫ

126
Бүгін 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай жеке кәсіпкер Олжас Сансызбайұлы қайырымдылық шарасын өткізіп, «Тайбурыл» демалыс аумағында 70-тен астам балаларға арнап дастархан жайды.
Қайырымдылық шарасында қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов қатысып, балаларды мерекесімен құттықтап, игілікті іске ұйытқы болған жеке кәсіпкерге алғысын айтып, ризашылығын білдірді.
– Жүзімізді жадыратып, жүректегі мұзды ерітетін сәбидің сыңғыр күлкісі екені белгілі. Ата-ана үшін бөбегінің шат күлкісі мен баянды болашағынан қымбат дүние жоқ! Балалы үйді базарға теңеген бабалардың сөзі де санамызда. Қайырымдылық жасауды жыл өткен сайын үрдіске айналдырып келе жатқан арыстық барша кәсіпкерлерге ризашылығымды білдіремін, – деді Гүлжан Мамытқызы
Мерекелік шарада жеке кәсіпкер балаларға тегін балмұздақ таратты. Ал қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары ән айтып, мереке көрігін қыздыра түсті. Шомылу маусымының ашылуымен тұспа-тұс келетін мерекеде балғын балалар бассейінде шомылып, шат-шадыман болды.
Қайырымдылық шараға қатысқан ата-аналар да қала әкімдігі мен жеке кәсіпкерге алғыстарын айтты.
Айта кетейік, балғын балалардың барлығы да «Қолғабыс» қайырымдылық қорына тіркелген отбасыдан шыққан.
Advertisements