ҚОЖАТОҒАЙДА ЗАМАНАУИ СПОРТ ЗАЛ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

129
Қала әкімі Гүлжан Құрманбекованың ауылдық округ тұрғындарымен кездесуі жалғасуда. Әр тоқсан сайын ауылдастармен тұрақты түрде кездесу өткізуге уағдаласқан шаһар басшысы таң азанымен Монтайтас ауыл тұрғындарымен кездесуден кейін, Қожатоғай ауылына барды.
Кездесуде қаланың әлеуметтік – экономикалық көрсеткіштеріне тоқталып, Қожатоғай ауылында биылғы жылы атқарылатын жұмыстар туралы қысқаша айтып өтті.
«Барша қожатоғайлық ағайынды кәсіп бастау үшін жеңілдетілген пайызбен берілетін «Ауыл – аманаты» бағдарламасына белсене қатысуға шақырамын. Еңбекқор, бірлігі жарасқан Қожатоғай ауылы Сыр жағасында орналасуы – атакәсібіміз мал шаруашылығын дамытуға зор мүмкіндік береді. Әкімдік өз кезегінде, құжаттандыруға көмектеседі.» – деді Гүлжан Мамытқызы.
Биыл, ауыл тұрғындарының ұсынысына сәйкес Қожатоғай елді мекеніне «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 12 мың шаршы метр құрайтын заманауи спорт зал құрылысы жүргізіліп жатыр. Нысан келесі жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Одан бөлек, Байтоғайдағы негізгі көшелердің біріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізу де қолға алынуда. Ал, округ орталығы саналатын Қожатоғай елді мекенінде футбол алаңшасы жөндеуден өткізіледі.
«Сондай-ақ, Қожатоғай елді мекеніндегі ауыз су жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Денсаулық – басты байлық екені белгілі. Осы мақсатта округ орталығына дәрігерлік амбулатория салу үшін жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде,»- деді Гүлжан Мамытқызы.
Жиын аясында тұрғындар тарапынан тұрғын үй құжатын рәсімдеу, кәсіпкерлікті дамыту, мемлекеттік қолдау сынды мәселелерді көтерді. Қала әкімі барлық көтерілген сұрақтар зерделеніп, заң аясында шешілетіндігін айтты. Сондай-ақ тиісті сала басшыларына әр мәселені ауыл ақсақалдарымен ақылдасқан түрде шешімін табу жолдарын қарастыруды тапсырды.
Нет описания фото.
Advertisements