Г.ҚҰРМАНБЕКОВА: ШАҺАРДЫҢ ШЫРАЙЫН БҰЗУҒА ЖОЛ БЕРМЕЙМІЗ

263
Қала әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Арыс-Шымкент тас жолы бойында орналасқан кәсіпкерлік нысандардың сыртқы қасбетін ретке келтіру, айналасын таза ұстау және тиісті құжаттарын рәсімдеу бойынша жиын өтті.
Қала әкімі Гүлжан Құрманбекованың төрағалығымен өткен жиынға аталған күре жол бойында орналасқан кәсіпкерлік нысан иелері мен қала әкімдігінің жауапты сала өкілдері қатысты.
Шаһар басшысы жол бойында орналасқан нысандардың қасбетіне сын айтты. Ретке келтіру бойынша нысан иелерімен жеке-жеке келіссөздер жүргізді. Барлық нысан иелеріне заман талабына бейімдеп және айналасындағы абаттандыруға ерекше көңіл бөлу керектігін нақтылады.
«Бүгінде қала жаңа леппен, жаңа қарқынмен дамуда. Қаланың сәулеті, әсемдігі мен көркі қалаға кіре берістен басталады. Сондықтан, қаламызда бой көтеретін әрбір нысан эскиздік жобаға сай жасалынуы қажет. Шаһардың шырайын бұзуға жол бермейміз» – деді шаһар басшысы.
Жиында қалалық Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрғиса Ережепұлы баяндама жасап, жол бойында бой көтерген және соғылып жатқан нысандар туралы жеке-жеке тоқталып өтті.
Сондай-ақ, әрбір салынған ғимаратты құжаттандыру, тиісті рұқсатнама алу керектігі ескертілді. Өйтпеген жағдайда айыппұл салынатыны айтылды.
Жиынды қорытындылаған қала әкімі кәсіпкерлік мақсатта алынған жерлерді нысаналы мақсатында пайдаланып, құжаттарды заңға сәйкестендіру, абаттандыру бойынша жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Возможно, это изображение 1 человек и текст
Advertisements