ҚАЛА ӘКІМІ КӨП ҚАБАТТЫ ҮЙЛЕРДІҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

81

Бүгін қала әкімі Гүлжан Құрманбекова Әбдіразақов көшесіндегі №49 көпқабатты үй тұрғындарымен кездесті.

Үй иелерінің ұсыныс-пікірін тыңдауға қала әкімі өзі келген соң, тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді қала басшысының назарына ұсынды. Олардың қатарында көпқабатты үйлердің сыртын әрлеу, жарықшам салу, жылу жүйесі, подъездерді жөндеу сияқты мәселелер бар.

Барлық тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мен өтініш-тілектерін тыңдап болған соң шаһар басшысы Гүлжан Құрманбекова өзінің жауабын берді.

– Сіздердің көтеріп отырған мәселелеріңіз өте орынды. Алайда біз бұл үйлер жеке болғандықтан кондоминиум объектілерді жөндеуге қаржы бөле алмаймыз. Бұл жұмыстарды модернизациялау арқылы бітіре аламыз. Бұл дегеніміз бюджеттен қаржы бөлініп, Сіздердің үйлеріңіз жөнделеді. Ал ол қаржыны тұрғындар ай сайын аз мөлшерде төлеу арқылы бюджетке қайтарады. Осындай жол Сіздер үшін өте тиімді. Себебі, барлық жұмыстардың басы қасында өздеріңіз боласыздар, – деді Гүлжан Мамытқызы.

Кездесуде тұрғындар көпқабатты тұрғын үй алдындағы ойын алаңшаларында түнгі уақытта маскүнемдер көп жиналатынын айтып шағымданды. Олар ішімдік ішіп, қоғамдық орындарды ластап кететін көрінеді. Шаһар басшысы бұл мәселе ортақ екенін айтып, бұзақылармен бірлесе күресу қажеттігін атап өтті. Қоғамдық тәртіпті елемей, түн тыныштығын бұзған азаматтарды көрген жағдайда дереу полицияға шағымдану керектігін атап өтті.

Advertisements