АРЫСТА ҚАЛА КҮНІ: ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТЫЛҒАН «ТЕМІРЖОЛШЫЛАР» САЯБАҒЫ КӨПСАЛАЛЫ ДЕМАЛЫС ОРНЫНА АЙНАЛДЫ

83

Бүгін «Орта Азия Қақпасы», «Теміржолшылар қаласы» атанған Арыстың қала статусын алғанына 67 жыл толып отыр. Сырдария елді мекенінен бастау алған бүгінгі мереке арыстық теміржолшылардың ерен еңбегіне құрмет ретінде қайта жаңғыртылған «Теміржолшылар» саябағында жалғасты.

Шараға қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, теміржол майталмандары мен ардагерлері, мәслихат депутаттары және қала тұрғындары қатысты.

Мұнда балалар мен жасөспірімдерге арналған бірқатар спорт алаңшалары ашылды. Сонымен қатар, заманауи, көпсалалы демалыс орнына айналған саябақтың сахнасы жаңартылып, субұрқақ пен қаламызда алғаш рет скэйт-парк қойылды.

Қала күні қарсаңында тұрғындардың қуанышы қабат болды. Өйткені  қалалық әкімдік саябақ ішіндегі биік ағаштар саясына заманауи балалар алаңшасын орнатып берді. Мұнда заманауи ойын элементтері қойылып, балалардың қауіпсіздігі үшін ойын алаңшаларының едендеріне резеңке жабын төселді.  Сонымен қатар, әткеншектер, құмсалғыш, және түрлі ойын элементтері орнатылды. Бұдан бөлек, электр қозғалысымен жүретін балаларға арналған паравоздар орнатылып, бүлдіршіндерге тамаша базарлық болды.

Ал, жергілікті кәсіпкер, «Mega-Agat» ЖШС басшысы Әлішер Рүстембек спорттық көше тренажерлерін орнатып, жерлестеріне сыйға тартты.

Қос мереке қарсаңында ашылған спорттық нысандар балалардың бос уақытын тиімді өткізуге және спортты дамытуға мүмкіндік беретін болады.

Advertisements