ГҮЛЖАН ҚҰРМАНБЕКОВА: БАРЛЫҚ ЖҰМЫСТАР ТҰРҒЫНДАР ИГІЛІГІ ҮШІН

105

Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова «МПС» тұрғын алабында болып, сонда тұратын азаматтармен кездесті. Кездесуге бірқатар сала басшылары мен бірге аталған округтен сайланған қалалық мәслихат депутаты Алмас Шүкірбековте қатысты.

Ашық аспан астында, еркін форматта кездесуге жиналған халық жол салу, қоғамдық көлік, балалар ойын алаңшалары, тұрмыстық қалдықтарды жинау, тұрғын үй ауласын абаттандыру сынды мәселелерді айтты.

Шаһар басшысы аталған тұрғын алабтағы барлық мәселе назарында екенін, қаржы мүмкіндігіне қарап кезең-кезеңімен шешімін табатынын жеткізді.

«Бүгінгі таңда жеке инвестор есебінен «МПС» тұрғын ауданында құны 280 млн теңгені құрайтын жаңа саябақ құрылысы жүргізіліп жатыр. Жақында пайдалануға беріледі. Мұнда саялы ағаштар отырғызылған, бәрі де аутоматты суару жүйесіне қосылған. Екі заманауи спорт алаңшасы, орындықтары мен төбесі жабық демалыс аймақтары болады. Сөзсіз, қала тұрғындарының ең сүйікті демалыс орындарының бірі болады деп сенемін. Барлық жұмыстар тұрғындар игілігі үшін жасалынуда», деді Гүлжан Мамытқызы.

Кездесуде тұрғындар үй аулаларына жарықшамдар орнатылса деген тілектерін айтты. Шаһар басшысы тиісті бөлім басшысына зерделеу жұмыстарын жүргізіп, қаржы мүмкіндігіне қарай орнату керектігін айтты.

«Өздеріңіз көріп жүргендей, кезең-кезеңмен қаламызда ажарланып, абаттанып келеді. Өкінішке орай, кейбір азаматтар ағаштарды бүлдіріп, жарықшамдарды сындырып, саябақ іштерін ластап кетіп жатыр. Сондай бұзақылармен қоғам болып күресуге шақырамын. Арыс ортақ мекеніміз болғандықтан, бұзушылық көрген жағдайда дереу құзырлы органдарға хабар беріңіздер», деген қала әкімі арыстықтарды қоғамдық тәртіпті орнатуға бір кісідей атсалысуға шақырды.

Кездесу жиналған жұрт қала әкімдігіне алғыстарын білдіріп, алда атқарылар жұмыстарға сәттілік тіледі.

Advertisements