АРЫС: СУ АЙДЫНДАРЫНДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК ЕРЕЖЕЛЕРІН ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР

108

Өңір бойынша шомылу маусымы ресми түрде 1 маусымнан басталған болатын. Осы ретте, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында аудан, қала әкімдіктерімен және құзырлы органдармен бірлесіп кешенді іс-шаралар өткізу жалғасып жатыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасы бастығы м.у.а Оразбай Айтқұлов айтты.

Жауапты сала өкілінің сөзінше, жыл басынан бері өңірде 41 адамның суға кету фактісі тіркелген. Өкінішке қарай, олардың 80% – жас балалар. Талдау нәтижесі көрсеткендей, судағы қайғылы жағдайлардың басты себептері, ол халықтың және балалардың судағы қауіпсіздікті жете түсінбеуі.

– Мониторинг нәтижесінде, негізінен суға бату оқиғалары елдімекендердің ішінен және елдімекендерге жақын өтетін бетондалған каналдарда орын алып жатқандығын көрсетті. Бұл мәселе облыс әкімдігінің жіті бақылауына алынып, бетондалған каналдарға, арақашықтығы 500 метрді құрайтын қауіпсіздік баспалдақтарын және 4 метрден баспалдақтардың тұсына құтқару арқандары орнатылып жатыр. Одан бөлек, Жедел-құтқару жасағының сүңгірулерімен 4 орынның түбін тексеру бойынша жұмыстар атқарылды. Сондай-ақ, 16 азаматты қоғамдық құтқару бекеттеріне оқыту жүргізілді, – деді Оразбай Шерәліұлы.

Сонымен қатар, арнайы және ресми халықтың шомылатын орындары жоқ аудандардың елдімекендерінде модульді-каркасты бассейндер сатып алынып, тегін және қауіпсіз шомылуына мүмкіндіктер жасалып жатыр. Тек, бүгінгі күнге дейін жеке кәсіпкерлердің қолдауымен өңірде 15 каркасты бассейн сатып алынып, ауыл әкімдіктері арқылы орнатылды. Одан бөлек, 33 жекеменшік стационарлы бассейндері бар кәсіпкерлермен меморандум түзіліп, 4 181 әлеуметтік тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардың балаларын ақысыз суға шомылдыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, 790 бала жүзуге үйретілді.

Жалпы суға шомылу маусымындағы қауіпсіздікті сақтау мақсатында аудан, қалаларда 51 баннер, 15 280 адамның қатысуымен 314 рет халықпен кездесулер, 200-ге жуық мешітте түсіндіру жұмыстары жүргізілді. БАҚ-та 1220 шығарылым ұйымдастырылған. Сондай-ақ, радиорубкалармен (базар, сауда орталықтарында) 437 және ЛЭД экрандарда судағы қауіпсіздік бойынша 369 рет бейнеролик көрсетілді.

Сондай-ақ, өзендер мен каналдардың бойында орналасқан 16 720 тұрғын үйді аралау арқылы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жадынамалар таратылды. Осы орайда, үлкендердің қарауынсыз жүрген 80 бала ата-аналарына тапсырылды.

Advertisements