АРЫС ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ СТАДИОН ТҰРҒЫН АУДАНЫ ЖҰРТЫМЕН КЕЗДЕСТІ

77

Бүгін қала әкімі Гүлжан Құрманбекова Стадион тұрғын ауданына барды. Тұрғын аудан жұртының әл-ауқатын біліп, ұсыныс-пікірлерін тыңдауға келген қала әкімі К.Омаров көшесінде орналасқан жаңа спорт нысанының көгілдір лентасын қиды.

«Жалпы қаламызда бұқаралық спортты дамыту, абаттандыру, кәсіпорындар ашып, жаңа жұмыс орындарын құру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Ал, инфрақұрылымға қатысты мәселелерді басымдығына қарай, кезең-кезеңімен шешіп келеміз. Жалпы, қаламызды дамыту, өркендету жолында бірлесе жұмыс істеуге шақырамын,» – деді Гүлжан Мамытқызы.

Өз кезегінде ауыл тұрғындары жаңа спорт нысанның жастарды шыңдауда пайдасы зор екенін айтып, өз ризашылықтарын жеткізді. Ойын алаңқайына жиналған бүлдіршіндер әткеншек теуіп, сырғанап мәз-мейрам болды. Бұдан кейін, қала басшысы тұрғындар өтінішімен Даниял және Амина есімді бүлдіршіндердің тұсауын кесіп, тәй-тәй қадам басқан балақайларға өмірдің бар жақсылығын тіледі.

Алдағы уақытта, қалалық мәслихат депутаты, «Арыс» футбол клубының директоры Ерғазы Медетбековтың бастамасымен жергілікті тұрғындар қолдауымен ойын алаңша жанынан жастар мен ересектерге арналған «streen workout» алаңшаларын орнату жоспарланған.

Жалпы, биылғы жылы қала көлемінде 6 тұрғын ауданға балалар ойын алаңшалары орнатылып, пайдалануға берілді. Жаңа нысандарға заманауи ойын элементтері орнатылып, балалардың қауіпсіздігі үшін ойын алаңшаларының едендеріне резеңке жабын төселінген. Сонымен қатар, әткеншектер, құмсалғыш, және түрлі ойын элементтері орнатылған.

Advertisements