АРЫС МҰРАЖАЙЫ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ І РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖАЗҒЫ МЕКТЕПКЕ ҚАТЫСТЫ

125

Бүгін Түркістанда Музей мамандарының І Жазғы мектебі ашылды. Ашылу салтанатына

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитеті Музейлер мен кітапханалар басқармасының басшысы Гүлзейнеп Пазылова мен Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Темірхан, республикалық музей басшылары қатысты.

– Түркі дүниесінің бесігі саналған Түркістан шаһары нағыз руханияттың ордасына айналып келеді. Бүгін міне, біздің өлкеде Музей мамандарының Жазғы мектебі басталды. Мұндай шара бұрын-соңды болмаған, Қазақстанда тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Мұндай жаңа алаң бізге қажет. Өйткені музей – біздің өткен тарихымызды, ұлттық болмысымызды сақтайтын, болашаққа жеткізетін тірі организм. Әлемдік ракурстан қарайтын болсақ, бүгінгі күні музей саласы заманға лайықталып, дамып жатыр. Біздің мамандар да сол жаңа трендтерден қалыс қалмауы керек. Алыстан ат арытып келген қатысушылар пайдалы кеңес, қажетті ақпарат, сапалы білім алатынына сенімдімін, – деді Асылхан Темірханұлы.

Шара барысында Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасының «Ұлы Дала елі» орталығында интерактивті кітаптың тұсауы кесілді. Орталық директоры Гүлжанат Дюсенбаева жаңа туындыны көпшілікке таныстырып, кітаптың оқырманға берері мол деді.

Елімізде алғаш рет ұйымдастырылатын республикалық Жазғы мектептің мақсаты – музей мамандары үшін жаңа әдістемелік алаң қалыптастыру, мамандардың біліктілігін арттыру, кәсіби байланыс орнату және идеяларды кәсіби мамандармен бірге талқылауға мүмкіндіктер жасау.

Маусымдық мектепке спикер ретінде музей саласының түрлі бағытында зерттеулер жүргізетін, біліктілігі жоғары мамандар шақырылып отыр. Олардың қатарында философия ғылымдарының докторы, профессор Гүлмира Шалабаева, ҚР Орталық музейінің директоры Рашида Харипова, Мәдениет саласының үздігі Тамара Жұмалиева, музейтанушы Нұрсерік Жолбарыс, ҚР Ұлттық музейінің бас қор сақтаушысы Бәтеш Ақпасова, Еуразия ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Алмас Жүнісбай, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Еділ Оспанов, халықаралық дәрежеде аккредиттелген экскурсия жетекшісі-гид Бақыт Оразымбетова тәрізді мамандар бар. Аталған мамандар дәрістер оқып, өздерінің тәжірибесімен бөліседі.

Аталмыш шара ертең де жалғасады. Жазғы мектепке тыңдаушы ретінде қатысушылар музей ісінің қор сақтау, менеджмент, ғылыми жобаларды жүзеге асыру, ақпараттық технологиялармен жұмыс істеудегі тәжірибелермен танысады. Жоба соңында қатысушыларға сертификат тапсырылады.

Advertisements