ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ Д.САТЫБАЛДЫ КОНСТИТУЦИЯ КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

113

Құрметті Түркістан облысының тұрғындары!

Сіздерді еліміздің маңызды мерекесі – Конституция күнімен құттықтаймын!

Ата Заң – айбарлы еліміздің ең ұлы құндылығының бірі. Біз, бүгін мызғымас бірлік пен заң үстемдігінің арқасында елімізді дамытып, қасиетті Түркістанымызды түлете білдік. «Жеті жарғы» заңдар жинағы әзірленген Түркістанға тарихи елорда мәртебесі берілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен өңірде ауқымды жобалар қолға алынды. Осы маңызды істерді атқаруға үлес қосып жүрген баршаңызға алғысымды білдіремін.

2022 жылы еліміздің Ата Заңына өзгерістер енгізу жөнінде жалпыхалықтық референдум өтті. Аса маңызды шешімдер қабылданып, 30-дан астам заң баптарына өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Бұл бастама елімізде азаматтық қоғамның дамуына, демократиялық үрдістердің салтанат құруына ықпал етті.  Басқару жүйесіне өзгерістер енгізіліп,  Парламенттің ықпалы арта түсті. Жер мен жер астындағы байлық халыққа тиесілі екені анық жазылды. Сондықтан Конституция күнінің маңызы өте зор.

Осы айтулы мерекеге еліміз биік шыңдарды бағындырып, жетістіктермен жетіп отыр. Есілдің бойында астанамыз бой көтеріп, Тұран төрінде Түркістанымыз түледі. Түркі жұртының рухани астанасы атанған Түркістанға қазіргі таңда ерекше мәртебе беру туралы заң жобасы талқылануда. Береке мен бірлігі жарасқан, 50-ге жуық этнос өкілдері мекен еткен Түркістан өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы да қарқынды жүруде. 5 жыл ішінде Түркістан облысы айтарлықтай жетістіктерге жетті. Бұның бәрі елдің бірлігі мен ерен еңбегінің, осы игіліктерге жол ашқан Ата Заңымыздың арқасында қол жеткізген табыстар.

Құрметті жерлестер!

Мемлекет бұдан әрі дамуы үшін әрбір азамат заң талаптарын қатаң сақтап, еңбек ете білуі тиіс. Ал мемлекет әрбір азаматтың құқығының қорғалуын қамтамасыз етуі керек. Қазір елімізде осы екі қағида орындалып жатыр.

Ынтымағы жарасқан еліміздің бағын асырып, мерейін тасытатын осынау мереке құтты болсын! Әрқайсыларыңыздың отбасыларыңызға ынтымақ пен ырыс, құт-береке тілеймін! Әрдайым аспанымыз ашық, ел іргесі аман, жұртымыз тыныш, келешегіміз кемел, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, Конституциямыз ғұмырлы, елдігіміз мәңгі болсын! Ата заңды ардақ тұтқан өнегелі еліміз өркендей берсін!

Құрметпен,

Түркістан облысының әкімі Д.Сатыбалды

Advertisements