Ішкі көші-қон ағыны тұрақтанды

382

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру барысы қаралды. Тақырып шеңберінде Премьер-Министрдің орынбасары – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ішкі істер министрі Марат Ахметжанов, Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айзада Құрманова баяндама жасады.

Қазіргі геосаяси ахуал және Көші-қон саясаты тұжырымдамасының шараларын белсенді атқару нәтижесінде соңғы 10 жылдықта алғаш рет көші-қон саласында оң үрдіс қалыптасты. Келген азаматтардың негізгі географиясы ТМД елдері, Қытай, және Моңғолия мемлекеттері. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мәлімдеді. Тамара Дүйсенованың айтуынша, тұрақты тұруға қалған азаматтардың басым көпшілігі еңбекке қабілетті техникалық, экономикалық, педагогикалық және медициналық жоғары білімі бар азаматтарды құрап отыр.

Ішкі көші-қон үрдісінде де оң өзгерістер байқап отырмыз. Есепті кезеңде 160 мыңнан астам тұрғын ел ішінде қоныс аударды. Бұл ретте, ірі қалаларға көш тізгінін бұрған азаматтардың үлес салмағы 40% көлемінде болды.

Көші-қон саясаты тұжырымдамасы негізгі 7 бағыт аясында жүзеге асырылып келеді. Бірінші бағыт – білім иммиграциясы.

«Мемлекет басшысы Қазақстанды академиялық тұрғыдан ұтқыр және жетекші ғалымдар мен мамандарға тартымды өңірлік хабқа айналдыру мәселесін тапсырған. Осы орайда заманауи кампустары, ғылыми зертханалары бар салалық университеттер ашу үшін кешенді жұмыс жүргізіліп келеді. Осы 2 жылда Қазақстанның жоғары оқу орындарының базасында шетел жоғары оқу орындарының 6 филиалы құрылды. Нәтижесінде биыл шетелдік студенттердің үлесі барша студенттердің 4,4%-ына дейін артты», — деп баяндады министр.

Екінші бағыт – еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін нақты шаралар қабылдау. Қазіргі таңда А-5 санатындағы инвесторлар шетелден жұмыс күшін тарту үшін рұқсат алмайтын болды. Жыл басынан бері 76 шетел азаматына осындай инвестор визасы берілген. Әлеуетті инвесторларға шетелдегі мекемелерімізден «бір өтініш» қағидаты бойынша Жеке сәйкестендіру нөмірін және Электронды цифрлы қолтаңба беру рәсімі жеңілдетілді. Бұдан бөлек, инвестор-бизнесмендердің инвестициялық виза алуына қажетті төменгі шекті азайту қарастырылып отыр.

«Сонымен қатар А-6 деп аталатын ұзақ мерзімді жаңа инвесторлық виза түрі енгізіліп жатыр. Мұндай виза иелеріне еліміздің аумағында 10 жылға дейін тұрақты тұру үшін ықтиярхат алу құқығы беріледі. Ал шетелде табысты бизнестері бар этностық қазақтар үшін “Ата жолы” картасын беру тәртібі бекітілді», — деді Т. Дүйсенова.

Бүгінде «Отандастар» қоры қолында кәсібі бар, елге «Ата жолы» картасы аясында келгісі бар шетелдік 50 қандасымызды анықтап, қажетті жұмыс жүргізіліп жатыр.

Үшінші бағыт – Қазақстанға шетелден білікті мамандар тарту. Биыл 1 шілдеден бастап орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, сұранысқа ие кәсіптердің тізбесі бекітіліп, нақты жұмыс басталды. Енді осы тізімдегі мамандығы бар шетелдіктер елімізде тұрақты тұруға ықтиярхат алу үшін жеңілдетілген тәртіппен өтініш бере алады. Сондай-ақ рұқсат берудің жаңа қағидалары қабылданды. Оның басты жаңалығы – енді бір рұқсатнамамен бірнеше өңірде жұмыс істеуге болады.

Вице-премьердің сөзіне сүйенсек, осы жылы шетелдік мамандардың квотасы 22 мың көлемінде бекітілді. Есепті кезеңде 10 мыңға жуық шетелдік маманға жұмыс берушілердің қажеттілігіне сәйкес мамандарға рұқсатнамалар берілді. Өздеріңізге белгілі, рұқсатнамалар берудің негізгі шарты мұндай мамандардың ел еңбек нарығында болмауы және жұмыс орнында қазақстандық мамандардың үлесі 95%-дан төмен болмауы қажет.

Төртінші бағыт – этностық иммиграция шеңберінде 1 шілдеден бастап Қазақстанның консулдықтары шетелдегі қандастарымыздың өтініштерін «Бір терезе» қағидаты бойынша қарай бастады. Қандастарды елге қоныстандырудың жаңа алгоритмі жасалып, ол 4 санат бойынша жүргізіле бастады:

Біріншіден, жұмыс берушілердің сұранысы бойынша қажетті кәсіп иелерін тарту. Мұндай сұраныс жұмыс күші жетпей жатқан барша өңірлердің жұмыс берушілерінен түсуі мүмкін, бұл ретте қандастарымыз сол жұмыс берушінің локациясындағы өңірге жіберілетін болады.

Екіншіден, қандастарымыздың ата-анасы немесе балалары ертерек келіп, азаматтық алып, белгілі бір кәсіппен шұғылданып жүрген болса, онда шетелдік қандастарымыз отбасы тұрып жатқан жерге олармен қауышу мақсатында көшіп келуі мүмкін.

Үшіншіден, өңірлер өз территориясында даму әлеуеті бар елді мекендерді анықтап, сол жерлерге демографиялық үдерісті күшейту мақсатында қандастарымызды шақыруы мүмкін.

Төртінші санат – Үкімет айқындаған өңірлерге жолдама беру.

«Айта кететін жайт, әлеуметтік пакет тек төртінші, яғни Үкімет айқындаған өңірлерге жолдама алған қандастарымызға ғана беріледі. Жыл басынан бері Қазақстанға 13,5 мыңнан астам қандас бауырымыз оралды, оның 8,5 мыңы еңбекке қабілетті азаматтар. Олар әлеуметтік қолдау және бейімдеу, жұмысқа орналастыру шараларымен қамтылған», — деп атап өтті ведомство басшысы.

Бесінші бағыт – шетелде еңбек етіп жүрген Қазақстан азаматтарының еңбек құқықтарын қорғауға қатысты. Сыртқы істер министрлігінің деректеріне жүгінсек, биылғы бірінші тоқсандағы есеп бойынша Қазақстанның 194 мыңнан астам азаматы шетелде жұмыс істеп жүр. Біз Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Ұлыбритания және басқа да елдермен ондағы Қазақстан азаматтарының еңбек құқықтарын қорғайтын жаңа келісімдерге бастамашылық ету үшін қосымша шаралар қабылдадық. Азаматтарымыз Оңтүстік Кореяда жұмысқа заңды түрде орналасуы үшін Қазақстанды «Еңбекке рұқсат беру жүйесіне» (Employment permit System – EPS) қосу мәселесі пысықталып жатыр.

Бұл жұмысты өңірлерде жаңадан құрылған еңбек ұтқырлығы орталықтары жүзеге асырып келеді.

Алтыншы бағыт – жұмыс күші көп өңірлер мен жұмыс күші жетіспейтін аймақтар арасындағы демографиялық айырманы теңестіру үшін ішкі ұтқырлықты ынталандыру жұмыстары.

Биыл «Серпін», «Ауыл Аманаты», «Ауыл – Ел бесігі», «Дипломмен ауылға» сияқты бағдарламалар арқылы 33 мыңнан астам адамға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Бұл санаттағы азаматтарды қолдау үшін – экономикалық ұтқырлық сертификаты енгізілді. Көшіп келушінің жұмыс беруші растайтын жұмыс орны болған жағдайда, бұл азаматқа тұрғын-үй құнының 50%-ы мөлшерінде, бірақ 4 млн теңгеден аспайтын сертификат берілетін болады. Бүгін осындай сертификатты 224 отбасы алып үлгерді. Экономикалық ұтқырлық сертификаттарын берудің оң нәтижесі қазірдің өзінде байқалып отыр. Жыл соңына дейін солтүстік өңірлерге тағы 4,5 мың адамды қоныстандыру жоспарланып отыр.

Жетінші бағыт – босқындармен жұмыс. Биылғы 1 шілдедегі мәлімет бойынша елімізде 628 пана іздеуші және 333 босқын бар. Біріккен Ұлттар Ұйымының босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссарының Орталық Азиядағы аймақтық басқармасымен бірлесіп, жоғары айтылған азаматтардың әлеуметтік құқықтары қорғалуын қамтамасыз ету, жұмысқа орналастыру, медициналық және әлеуметтік көмек көрсету шаралары әзірленді.

Көші-қон үдерісін реттеу жүйесін цифрландыру басым бағыттардың бірі болып саналады. Бүгін көші-қон ағындарын есепке алу бірнеше мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде жүргізіліп келеді. Сондықтан мигранттарды тіркейтін бірыңғай жүйені құру мақсатында жүйелердің бәрін өзара интеграциялауға кірістік.

«Қазірдің өзінде Ресей Федерациясы, Моңғолия, Түрікменстандағы мекемелеріміз үшін “Қандас” атты жаңа функционалды автоматтандырылған ақпараттық жүйе іске қосылды. Бұл жаңа функцияға тағы да 26 елді қосу жоспарлап отырмыз. Көші-қон саясатын орындаудың алғашқы қорытындылары осындай», — деді спикер.

Т. Дүйсенова сөзінің соңында негізгі заңнамалық актілер толық қабылданғанын, ендігі жерде көші-қон тұжырымдамасын неғұрлым тиімді етіп өзгертуге және ел экономикасының мүддесіне барынша пайдалануға бағытталған жұмыстар атқарылатынын айтты.

Қазақстан Республикасының көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасында білім беру иммиграциясына қатысты бес бағыт, бір нысаналы индекатор көзделген: академиялық ұтқырлық және шетелдік ғалымдарды тарту, әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен бірлесіп, филиалдар мен кампустар құру, сондай-ақ жоғары оқу орындарын аккредиттеу жүйесін жаңғырту. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті.

Жыл сайын республикалық бюджет қаражаты есебінен 570 студент академиялық ұтқырлық шеңберінде әлемнің 82 жетекші жоғары оқу орындарына оқуға (бір семестрге) жіберіледі. Сонымен қатар, жоғары оқу орындарының бюджеттен тыс қаражаты есебінен жыл сайын орта есеппен 1500 студент оқиды. Сондай-ақ жетекші шетелдік ғалымдарды тарту жүзеге асырылуда. Республикалық бюджет қаражаты есебінен жыл сайын 200 шетелдік ғалым тартылады.

«Жетекші шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты кеңейту бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді. Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары – студенттермен, оқытушылармен және ғалымдармен академиялық алмасу, бірлескен ғылыми жобалар мен академиялық бағдарламаларды іске асыру. Бүгінгі таңда 90-нан астам ЖОО 1500-ге жуық ғылыми жобаны, 181 қос диплом бағдарламасын және 62 бірлескен білім беру бағдарламасын іске асырып отыр», — деді министр.

Министрлік шетелдік университетермен бірлесіп, заманауи кампустары бар салалық университеттер құру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың тапсырмасын іске асыру мақсатында Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің 2023-2027 жылдарға арналған даму бағдарламасы бекітілді, оның шеңберінде инженерлік білім мен ғылымда жаңа технологиялардың ғылыми-зерттеу хабын құру көзделген.

Алматы облысының әкімдігімен бірлесіп, Қонаев қаласында инновациялық орталық пен жаңа заманауи университеті бар академиялық қалашық құру, сондай-ақ Алматы жоғары оқу орындары мен колледждерінің филиалдарын ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Жезқазған қаласында Техникалық университетті ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Негізгі стратегиялық әріптес канадалық жоғары оқу орындары болады. Қазіргі уақытта
15 канадалық университетпен (University of New Brunswick, University of Calgary, Kwantlen Polytechnic University) келіссөздер жүргізілуде.

Зерттеу экожүйесін қалыптастыру және жоғары оқу орындарының серпінді технологияларын дамыту мақсатында М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетін зерттеу университетіне, ал С. Өтебаев атындағы Атырау Мұнай және газ университетін индустриалды университетке трансформациялау жұмыстары жүргізілуде.

Министрлік қызметінің маңызды бағыты – стандарттар мен рейтингтер жүйесін жетілдіру арқылы білім беру сапасын арттыру. Жалпы алғанда және әрбір білім беру ұйымында жүйе деңгейінде педагогикалық білім беру сапасын арттыруға бағытталған Педагогикалық білім беруді аккредиттеудің ұлттық стандартының жобасы әзірленді.

Президентіміз 2025 жылға дейін келешекте елімізде 5 жетекші ЖОО-ның филиалын ашу бойынша тапсырма берген болатын.

«Сондай-ақ біз алғаш рет Times Higher Education агенттігімен бірлесіп Жоғары оқу орындарын саралаудың ұлттық жүйесі жобасын әзірледік. ҚР жоғары білім беру жүйесін дамытудың өзекті мақсаттары мен міндеттерін ескеретін әдістеме әзірленді. Ұлттық Рейтинг, ең алдымен, талапкерлер мен ата-аналарға болашақ мамандықты таңдағанда, әсіресе шетелдік студенттер үшін қажет. Екіншіден, жұмыс берушілерге кадрларды даярлау жүйесінің дамуына ықпал ету және жоғары оқу орындарымен әріптестік қатынастарды дамыту мүмкіндігі болуы тиіс. Үшіншіден, аккредиттеу және рейтингтік агенттіктер қажет», — деп атап өтті С. Нұрбек.

Рейтинг әлемнің жетекші рейтингтік агенттіктері (QS, THE, CWUR және т.б.) пайдаланатын индикаторлар мен көрсеткіштерді қамтитын жоғары оқу орындарының білім беру-ғылыми қызметін кешенді бағалауды қамтиды. Ұлттық рейтингті қалыптастыру цифрлық технологияларды пайдалана отырып жүзеге асырылатын болады.

Шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын құру бойынша да үлкен жұмыс жүргізіліп отыр.

2022 жылы:

  • Алматы қаласында De Montfort University филиалы;
  • әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында «МИФИ» Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы;
  • С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті базасында И. Губкин атындағы Ресей мұнай және газ университетінің филиалы;
  • М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің Аризона университетімен стратегиялық әріптестігі құрылды.

2023 жылы:

  • Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті базасындағы Хериот-Уотт университетінің (Шотландия) филиалы;
  • Шәкәрім университеті базасындағы Экономика университетінің (Польша) филиалы;
  • Есенов университетінің базасында Неміс жоғары оқу орындарының консорциумы құрылып, Неміс инженерлік институты;
  • Алматы қаласында ұлттық иррегация инженерлерін дайындайтын «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механизацияландыру инженерлері институты» филиалы ашылады.

Келесі жылы елімізде 5-6 мықты жетекші оқу орындарының филиалдары ашылмақ.

Ішкі істер министрлігі Көші-қон саясаты тұжырымдамасын орындау барысында бірқатар іс-шара атқарды. Бұл туралы ведомство басшысы Марат Ахметжанов хабарлады.

Бірінші, елімізде тұрақты тұру рұқсаты елге, экономикаға пайдалы мамандарға оңай тәртіппен беріледі. Мысалы, IT, ғылым, денсаулық және өндіріс саласының кәсіби шеберлері.

Екіншісі мәселе – ол виза алуды жеңілдету. Бұл түзету – еліміздің экономикасына $300 мыңнан көп инвестиция салған шетелдіктерге қатысты болады.

Келесі бағыт – азаматтық туралы заңнаманы жетілдіру. Қазақстан азаматтығын алу шартының бірі – мемлекеттік тілді, тарихты және Конституцияны қарапайым деңгейде білу.

«Ол біздің мәдениет пен дәстүрді тануға, яғни қоғамға қиналмай бейімделуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, қос азаматтық фактілеріне қарсы заңнаманы күшейту жоспарланған. Егер Қазақстан азаматы басқа елдің азаматтығын растайтын құжатты алса немесе пайдаланса, онда біздің азаматтықтан дереу шығарылады. Бүгінгі күні заңнамада мұндай шектеу жоқ. Бұл жоба Үкімет пен Президент Әкімшілігімен мақұлданды. Көші-қон саласындағы заң жобасы Парламент Мәжілісіне енгізілді», — деп атап өтті министр.

Оның айтуынша, Тұжырымдама, бақылауды әлсіретпей, біздің елде жұмыс істегісі келетін шетелдік мамандар үшін көші-қон рәсімдерін жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Павлодар облысы әкімінің орынбасары А. Құрманова келтірген ақпарат бойынша Көші-қон тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде өңірге 16 мыңнан астам адам келген. Еңбекке қабілетті жастағы қоныс аударушылардың 75%-ы әлеуметтік салада және аграрлық секторда бос жұмыс орындарына орналастырылды, сондай-ақ, 96 адам кәсіпкерлік қызметпен айналысып отыр. Бүгінгі таңда, қоныс аударушылардың жалпы санының 6%-ға жуығы немесе 930 адам әр түрлі себептермен өз өңірлеріне оралды.

Қоныс аударушылар мен қандастарды қолдау ретінде өңірімізде «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы» ашылды. Орталықта құқықтық, заңгерлік сипаттағы консультациялық қызметтер көрсетіліп, тілдер оқытылады. Сонымен қатар 60 орындық уақытша тұруға арналған жатақхана қарастырылған.

«Осы жылдың 7 айында облысқа 2145 адам келіп, арнайы квотаға енгізілді. Өңірге келген барлық қоныс аударушылар мен кандастарға қолдау шаралары толық көлемде көрсетіледі. Бұл бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар тұрақты бақылауда», — деп түйіндеді сөзін спикер.

Advertisements