ҚАДІРЛІ ҚАУЫМ! ҚҰРМЕТТІ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ!

70
Қадірлі қауым!
Құрметті Түркістан облысының тұрғындары!
Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл – достық, ырыс-ынтымақ, татулық пен бірліктің мерекесі. Дана халқымыз «Күш – бірлікте» деп тегін айтпаса керек. Байтақ елімізде өмір сүріп жатқан елдің ауызбіршілігі мен татулығының үстемдік орнауының арқасында бүгінде мемлекетіміз ілгері басып, қарыштап дамып келеді.
Жуырда Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясы өтті. Ел бірлігі күніне орай өткен алқалы жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халқымыз бірліктің және тыныштықтың қадірін біледі. Бұл – небір қиын-қыстау заманды өткерген, қазақ жерінен пана тапқан барша этностар үшін де қымбат құндылықтар. Осы құндылықтарды бағалай білгеннің арқасында жұртымыз бейбіт өмір сүріп жатыр. Бұл – теңдессіз жетістік!» деді.
Түркістан облысы – республикадағы халық ең тығыз қоныстанған өңір. Жалпы облыс аумағында 50-ге жуық этностың өкілі ынтымақта өмір сүріп келеді.
Сондай-ақ Президент: «Әрбір азамат бірлікті нығайту үшін қызмет етуі керек. Бұл қызмет ешқашан тоқтамайды, үздіксіз жалғаса береді. Өйткені бірлік болса ғана, тірлік болады. Біз осы мызғымас қағидаға әрдайым адал болуымыз керек» деп, Қазақстан халқы Ассамблеясының ел дамуындағы ерекше орнын айқындап өтті.
Өңірдегі халық арасында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтау мақсатында 11 облыстық, 2 қалалық, 5 аудандық және 1 ауылдық этномәдени бірлестік жұмыс атқарады. Атап айтқанда, өзбек, славян, түрік, күрді, иран, тәжік, шешен-ингуш, татар-башқұрт, әзербайжан, грек және «Ынтымақ» этномәдени бірлестіктері түрлі мәдени іс-шараларда белсенділік танытып, өңірдің дамуына өз үлестерін қосып келеді.
Айта кетейік, Түркістан облысындағы өзге этнос өкілдерінің қазақ тілін меңгеру деңгейі 94 пайызды құрап отыр. Мейірбан қазақ халқы бірлікті ту етіп, жаңа белестерді бағындырып келеді.
Саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім – біздің ең басты байлығымыз.
Тәуелсіз елімізде ынтымақ пен бірлік мәңгі жасасын! Бірлігіміз әрқашан бекем болсын! Мемлекетіміз өркендеп, Түркістанымыз көркейе түссін!
Құрметпен,
Дархан Сатыбалды
Түркістан облысының әкімі
Нет описания фото.
Advertisements