АРЫС: ЕЛ АЛҒЫСЫН АРҚАЛАҒАН ЕРІКТІЛЕР

54

Арыс қалалық ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің еріктілері тыл және еңбек ардагерлерінің мекен жайларына барып, әлеуметтік көмек көрсетуде.

Қазақ елінің өсіп-өркендеуіне, еліміздің бейбіт өмір кешуіне өз үлестерін қосқан ардақты да аяулы қарттарымыздың өмір жолы бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге.

Осы ретте, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында арыстық волонтерлер қарттарға құрмет көрсетіп, алғыстарын алып жүр.

Мәселен, Ақдала ауылдық округінің жастары тыл ардагері, Оралбек Алдабергенов ақсақалдың үйіне барып, аула жұмыстарына жәрдем етті.

Дәл осындай игі істен Монтайтас жастары да тыс қалмай, тыл ардагері Тәжен Налибаева шаңырағында болып, үй шаруашылық жұмыстарына қолғабыс еткен.

Ал, Дермене жастары жалғызбасты ана Толқын Жұмашеваға асарлатып барды. Бірі су тасып, бірі цемент қарып, енді бірі тас төгіп анамызға үй алдынан асхана соғуға көмектесті.

Дария көңілді қариялар үйіне көмекке келген жастарға ақ батасын беріп, алғыстарын жаудырды.

“Қайырымдылық жасасаң қайырымын өзің көресің” дегенді нық ұстанған жастар «мақсатымыз – азаматтарды сауапты істерге тарта отырып, ізгілікті насихаттау» дейді.

Advertisements