АРЫСТАН ШЫҚҚАН БАТЫРЛАР — 2 СОҒЫСТА ҮЛКЕН БЕТБҰРЫС ЖАСАҒАН ШАЙҚАСТЫҢ БІРІ – ДНЕПРДІ АЛУ

58

Днепр шайқасында Арыс ауданынан майданға аттанған, Т.Тәжібаев атындағы балалар үйінің тағы бір түлегі – 1922 жылы туған Берген Исаханов. Ол 1943 жылдың ақпанында өз еркімен майданға аттанып, Орталық майданның 65-армия, 69-атқыштар дивизиясының 120-полкі құрамында айрықша көзге түскен.

1943 жылы 15 қазанға қараған түні Берген Исахановтың бөлімшесі полк арасында алғашқылардың бірі болып Днепр өзенінен (Гомель облысы, Лоев ауданы) өтеді. Б.Исаханов өзінің жаужүректігімен жауынгерлерді алға бастап, немістерді 3 линиялы траншеялардан қуып шығып, күші басым жаумен ұрыс жүргізеді. Б.Исаханов бастаған сарбаздар осы ұрыста асқан ерлік көрсетіп, өзі осы ұрыста немістің үш танкісін жойып, жауды кейін шегіндіреді. Сарбаздардың күшімен жаудың қарымта шабуылдары тойтарылып, барлық негізгі бөлімшелер Днепрдің оң жағалауына өтеді.

Днепрді алу – Ұлы Отан соғысының айтулы шайқастарының бірі болды. Бұл шайқас – cол кездегі Кеңес армиясының әскери өнерінің жарқын беттерінің бірі болды.

1943 жылы 30 қазанда Б.Исахановқа КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Соғыстан кейін, Б.Исаханов өзінің туған ауылында жауапты қызметтер атқарды. Батырдың ерлігі ұрпақ есінде. Балалық шағы өткен Ордабасы ауданындағы қазіргі Берген Исаханов ауылында ескерткіш орнатылған.

Оңтүстік Қазақстан облысының энциклопедиясында туған жері Сарысу ауданы Жайылма ауылында Ұлы Отан соғысы құрбандарына қойылған монументтің қасбетінде Берген Исахановтың есімі қашалып жазылған.

Advertisements