ОҚ-ДӘРІЛЕРДІ ЖОЮҒА ҚАТЫСТЫ БРИФИНГ ӨТТІ

53

Бүгін Арыс қаласы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында әскери бөлім аумағында орналасқан қоймалардағы оқ-дәрілерді жою жұмыстарын жүргізуге қатысты арнайы баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Қорғаныс министрлігі өкілдері мен қала әкімдігінің бірлескен шарасына әскери бөлімнің жауапты мамандары мен әкімдіктің өкілдері мен қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, Ардагерлер ұйымы және БАҚ өкілдері, қоғам белсенділері қатысты.

Брифингті қала әкімінің орынбасары Алмаз Сұлтанов жүргізіп отырды. Баспасөз жиынында қозғалған басты тақырып – жарылғыш заттар мен оқ-дәрілерді залалсыздандыру жұмысының адамға, ғимаратқа және құрылысқа соққы толқынының әсерін анықтау бойынша құрылған жұмысшы топтың қорытындысы болды.

Алдымен, «Тұрғын үйлерге жүргізілген бақылаудың қорытынды нәтижелері туралы» ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты, «Ұлттық сараптама орталығы» мемлекеттік кәсіпорынының Түркістан облысы бойынша филиалының маманы Айжан Жолдасова баяндама жасады. Оның айтуынша оқ-дәрілерді залалсыздандыру кезінде пайда болатын дүмпу шекті нормадан аспаған. Оны анықтау үшін «Ассистент-V3» арнайы құрылғысы пайдаланылған.

Одан соң, «Жарылғыш заттар мен оқ-дәрілерді залалсыздандыру жұмыстары туралы» ҚР ҚК БШ ИӘД аға офицері подполковник Нұрлан Өсербайұлы баяндама жасады.

Оның айтуынша, жару жұмыстары кезінде әскери мамандар тиісті белгіленген есептеулерден соң ғана жаруды іске асырады. Мұндай есептеудің мақсаты – жарылыстың зақымдаушы әсерін төмендету болып табылады.

«Біз қазіргі уақытта халық арасында алаңдаушылық туғызбау мақсатында, жарылыс дыбысы мен әсерін төмендету үшін күнделікті залалсыздандыруға жататын жарылғыш заттарды белгіленген нормадан екі есеге қысқартық. Біз жақтан барлық қауіпсіздік шаралары жоғары деңгейде қарастырылған», – деді ол.

Айта кетейік, баспасөз жиынының толық нұсқасын «Арыс толқындары» телеарнасынан көруге болады.

Advertisements