53

Қала әкімі Гүлжан Құрманбекованың төрағалығымен 2022-2023 оқу жылының аяқталуына орай, балалардың жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздік шаралары бойынша мәжіліс өтті.

Мәжіліске Арыс ауданының прокуроры Талғат Сейдуалиев, қала әкімінің орынбасары Алмаз Сұлтанов, Арыс аудандық полиция бөлімі бастығы Алмас Мырзахметов, ауылдық округ әкімдері, мектеп директорлары қатысты.

Күн тәртібінде 2022-2023 оқу жылын аяқтау, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу туралы және жазғы демалыс кезінде балалар қауіпсіздігінің алдын алу мен шектеу шаралары, осы мақсатта қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, шомылу маусымында су айдындарындағы балалар қауіпсіздігінің алдын алу бойынша тиісті сала басшылары баяндама жасады.

Қала басшысы балалардың жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарда болу керектігін жеткізді.

«Жеткіншектердің даладағы жүріс-тұрысы ерекше қадағалауда болғаны дұрыс. Балаларға тыйым салынған жерлерге шомылу, заңсыз көлік шерулерін ұйымдастыру, тыйым салынған жерлерге алау жағу қауіпті екенін түсіндіру қажет. Кез келген ата-ана аталған ескертулерге құлақ асып, балаларымен дұрыс әңгімелессе, онда жазғы демалыс мерзімі оқушылар үшін тамаша демалыс болатынына сенім зор», – деді Гүлжан Мамытқызы.

Сондай-ақ, мектептерде қысқы жылыту маусымына дайындықты осы кезден қолға алып, тиісті жұмыстар жүргізу қажеттігін атап өтті.

Бұдан бөлек, патруль нарядтары қалалық жағажайлар, су айдындары және азаматтардың басқа да көпшілік демалатын орындары жанында кезекшілікті күшейтуді тапсырды.

Айта кетейік, биыл Арыс қаласы көлемінде жалпы орта білім беретін мектепті 1 096 оқушы аяқтайды. Оның ішінде жалпы 220 бітіруші «Алтын белгіге», 116 бітіруші үздік аттестатқа үміткер.

Одан бөлек, әлеуметтік осал топқа жататын отбасынан шыққан балаларды қолдау бойынша 2022-2023 оқу жылы жазғы демалыс лагерлерімен 743 баланы қамтамасыз ету жоспарлануда.

 

Advertisements