Г.ҚҰРМАНБЕКОВА: ТҰРҒЫНДАР ҰСЫНЫСЫ НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛМАЙДЫ

94

Қала әкімі Гүлжан Құрманбекованың кезекті халықпен кездесуі бүгін Монтайтас ауылдық округіне өтті. Жиында шаһар басшысы ауыл тұрғындарымен ашық пікір алмасып, іске асырылған және жоспарланған жұмыстар жайында баяндады.

«Өткен жылы тұрғындармен басқосуда Шағыр халқы электр қуатының әлсіздігі мен желілер мен бағаналардың ескіргені жөнінде шағымдар айтқан болатын. Осыған сәйкес, аталған ауылда электр жүйелерін жаңарту бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта, Ақтас, Бақырша елді мекендерінде де электр желілерін жаңарту бойынша жұмыстар атқарылады. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Өздеріңіз көргендей, тұрғындар ұсынысы назардан тыс қалмайды» – деді Гүлжан Мамытқызы.

Биыл, тұрғындар өтінішіне сәйкес округке қарасты Атамекен елді мекенінде 13 көшеге жол салынуда. Бұдан бөлек, Б.Оңтаев мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Екі нысан да айдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.

Сондай-ақ, Монтайтас елді мекенінен спорт зал салуға, Атамекен елді мекенінен фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысын жүргізуге үшін жобалық сметалық құжаттамасы әзірленуде.

Жүйелі жұмыстар нәтижесінде, биыл Монтайтас ауылдық округінің ортақ жайылымы 276 га ұлғайтылды. Сондай-ақ, 23,9 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер қайта айналымға қосылған.

Кездесуде тұрғындар тарапынан ауыз су, бұралқы итпен күрес, табиғи арналарды тазарту сынды мәселелер айтылды. Қала әкімі ешбір сұрақты ескерусіз қалдырмады. Сондай-ақ, күрмеуі қиын мәселелердің шешілу жолдары тұрғындар пікірі назарға алына отырып, қызу талқыланды. Жиын соңында азаматтар өтінішімен жеке қабылдауға ұласты.

Нет описания фото.

Advertisements