ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ КЕЗЕКТІ БЕСІНШІ СЕССИЯСЫНДА ӨҢІРДІ ДАМЫТУ ЖОЛДАРЫ ҚАРАЛДЫ

87
2023 жылғы 11 қыркүйекте сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезекті бесінші сессиясы өтті. Сессия жұмысының алдында мәслихат төрағасы облыстағы жаңа кадрлық тағайындауларды хабарлап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы басты басымдықтарына тоқталды.
Сегізінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезекті бесінші сессиясының жұмысына облыс әкімі Дархан Сатыбалды, облыс әкімдігінің мүшелері, қалалық, аудандық мәслихат төрағалары, облыстың мемлекеттік органдарының басшылары, облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары, облыстық қоғамдық ұйымдар төрағалары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Сессия жұмысын облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов жүргізді. Күн тәртібінде 22 мәселе қаралды. Мәслихат депутаттары күн тәртібіндегі «Түркістан облысы әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы есебі» бойынша облыс әкімінің жұмысына оң баға беріп, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Сонымен қатар сессияда Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының, білім басқармасы басшысының, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының есептері назарға алынды. Одан бөлек, кадрлық өзгерістерге байланысты Түркістан облысы әкімдігі жанындағы бірқатар комиссиялардың құрамына өзгерістер енгізілді.
Жалпы, сессия жұмысында қаралған мәселелер бойынша мәслихат депутаттары тиісті шешімдер қабылдады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды сессия жұмысын қорытындылап, мәслихат жұмысына табыс тіледі.
– Бүгін сессияда көтерілген маңызды мәселелер шешімін тауып отыр. Былтыр білім саласында мектепке дейінгі ұйымдарға жалақы мәселесі туындап, оны толық шештік. Ондай олқылықтар қайталанбауы үшін комиссия жасақтап, мәселе бақылауға алынып отыр. Биыл өңірде бастауыш сыныптың 180 мыңнан астам оқушысын ыстық тамақпен қамту мәселесі шешілді. «Қауіпсіз мектеп» жобасына да қаржы бөліп, білім ұялары бейнебақылаумен, қоршаумен қамтамасыз етіліп жатыр. Білім саласын дұрыс жолға қоймасақ, болашақта дамуға қол жеткізу қиын. Мемлекет басшысы 1 қыркүйекте кезекті Жолдауын жариялады.
Аймақтарға қатысты маңызды шешімдер қабылдануда. Жаңа саяси кезеңге қадам басып отырмыз. Елдің саяси мәдениеті көтерілген. Бұл саяси науқандар да ойдағыдай өтеді деп сенемін, – деген Дархан Сатыбалды
Жолдаудағы инфрақұрылымды дамыту, ауыз су, газ, электр энергиясымен қамтамасыз ету бағытындағы тапсырмаларға сай жұмыс күшейетінін жеткізді.
– Түркістан қаласының инфрақұрылымы қаланып, қала даму жолына түсті. Түркістанда халықаралық деңгейде іс-шаралар, жиындар өткізетін ғимарат салу, заманауи атшабардың құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Ендігі кезекте аудандарға, ауылдарға көңіл бөлуіміз керек. Жаңа экономикалық үлгіге өту – ауқымды міндет. Биыл қателеспесем, 58 рет аудан, қалаларды аралап, елмен кездестім. Тұрғындардың 90 пайызы инфрақұрылым мәселесін көтереді. Ауыз, су, білім, инфрақұрылым, медицина, әлеуметтік саланы, туристік әлеуетті нығайту жұмыс істеу керек. Біз инфрақұрылым бойынша қосымша мониторинг жасап, көптеген мәселені анықтадық. Газ бойынша бірнеше ауылдың түйткілі тарқатылды, «сақалды» құрылыстарға жан бітті. Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, осы салаға инновациялық жаңалықтарды енгізу, өндірісті, кәсіпкерлікті дамытуға басымдық беріледі. Бұл міндеттерді депутаттармен бірлесе атқарамыз, – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, сессияда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты шешімдермен қатар саяси шешімдер де қабылданды. Бұған дейін ауыл округтерінің сайлауы өтсе, биыл аудан әкімдерінің сайлауы өтеді. Шардара, Мақтарал, Созақ және Бәйдібек аудандарының әкімдерін сайлау күні 5 қарашаға белгіленді.
Возможно, это изображение 7 человек и текст
Advertisements