РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «ТҮРКІСТАН ДАУЫСЫ – 2023» ЖАС ОРЫНДАУШЫЛАР БАЙҚАУЫ БАСТАЛДЫ
Бүгін облыс орталығында республикалық «Түркістан дауысы-2023» жас орындаушылар байқауы басталды. Еліміздің әр өңірінен бақ сынауға 16 үміткер бас қосқан ән додасын Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толып отыр. Атауы мыңжылдықтарға кеткенмен, облыс орталығы ретінде жаңару мен дамудың жаңа белесіне көтерілді. Мұнда республикалық және халықаралық шаралардың өтуі дәстүрге айналып келеді. Өйткені Мемлекет басшысының өзі Түркістанға ерекше мәртебе беруді тапсырған болатын. Нәтижесінде киелі шаһар түркі әлемінің рухани-мәдени астанасы болмақ. Өңірде мәдени кешендер мен рухани орталықтар қатары артып жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен мәдениет саласында игі бастамалар қолға алынған. Биыл үшінші рет ұйымдастырылып отырған өнер байқауына қатысып отырған жас дарын иелеріне сәттілік тілейміз. Жеңіс тұғырынан көріне беріңіздер, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Байқау шартына сәйкес, Астана, Алматы және Шымкент қаласы, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды, Ұлытау, Жетісу, Қызылорда, Жамбыл, Абай және Түркістан облысы мен Түркістан қаласынан келген қатысушылар Қазақстанның танымал композиторларының әнін авторлық аранжировкада орындады.
Эстрадалық жанрдағы орындаушылар, үлкен концерттік қойылымдарда тәжірибесі бар, басқа республикалық, ұлттық ән байқауларында жетістікке жеткен үміткерлер ертең өз таңдауы бойынша вокалды инструменталды, ансамбльдің сүймелдеуімен орындайды. Ертеңгі кеш қонағы – әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Дарын мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Мейрамбек Беспаев.
Байқауға музыкант, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Нұрғиса Дәуешов, әнші, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші Мадина Садуақасова, әнші, «Орда» тобының солисі Дастан Оразбеков, әнші, композитор Сәби Мархаба, әнші, Облыстық «Арай» жас ән орындаушылар байқауының Гран-при иегері, Республикалық «Жас қанат» байқауының ІІ жүлде иегері, Түркияда өткен «Памукале» фестивалінің дипломанты, Халықаралық «Азия дауысы» фестивалінің Гран-при иегері Бауыржан Исаев төрелік етеді
Айта кетейік, Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатқан байқаудың мақсаты – шығармашыл, дарынды жастарды анықтау, олардың өнеріне қолдау көрсету, халықаралық мәдени, туристік байланысты дамыту және нығайту, рухани және мәдени құндылықтар алмасу, қазақ музыкасын насихаттау.