АРЫСТА КОММУНАЛДЫҚ САЛАНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

0

Арыс қаласында тұрғындарға сапалы коммуналдық қызмет көрсету мәселесі тұрақты назарда. Осы орайда қала әкімінің орынбасары Рысдәулет Айтбаевтың төрағалығымен коммуналдық шаруашылық саласына жауапты басшылардың қатысуымен кеңейтілген мәжіліс өтті. Басқосуға ауыл әкімдері, қаланың жылумен, ауыз сумен, электр энергиясымен, көгалдандырумен және тұрмыстық қалдықтарды тасымалдаумен айналысатын мекемелердің басшылары қатысты.

Кездесу барысында қалалық коммуналдық инфрақұрылым салаларында атқарылып жатқан жұмыстардың ағымдағы жай-күйі мен кездесіп отырған негізгі проблемалар жан-жақты сараланды. Әсіресе, алдағы қысқы маусымға дайындық, тұрғындарды жылумен, таза ауыз сумен, үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету мәселелері басты назарда болды. Қала әкімінің орынбасары Рысдәулет Айтбаев бұл бағыттағы жұмыстардың қала әкімі Қайсар Зәкірұлы Маңқараевтың тікелей бақылауында тұрғанын қадап айтты. Ол барлық жауапты мекемелерге тиісті тапсырмалар беріп, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына баса назар аудару қажет екенін жеткізді.

Жиын барысында әрбір мекеме басшысы өз саласы бойынша есеп беріп, туындап отырған қиындықтар мен оларды шешудің жолдары бойынша ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, кейбір ауылдық округтерде электр желілерінің тозығы жеткені, су құбырларында ақаулар бары, жерасты суларымен байланысты қиындықтар және қатты тұрмыстық қалдықтарды дер кезінде шығару мәселелері қозғалды. Сонымен қатар, көгалдандыру жұмыстарының қазіргі жағдайы мен қала көшелерін абаттандыруға қатысты ұсыныстар айтылды.

Биылғы жылы жүзеге асырылған және келер жылға өтпелі ретінде жоспарланған құрылыс нысандары да кеңес тақырыбына арқау болды. Жаңадан басталатын және жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатқан нысандар бойынша ауыл әкімдері мен тиісті бөлім басшылары нақты мәліметтер ұсынды. Бұл қатарда сумен қамту жүйелерін жаңғырту, көшелерді жарықтандыру, жол жөндеу және көше бойларын көгалдандыру секілді жобалар бар.

Жиын қорытындысында барлық ұсыныстар мен айтылған мәселелер хаттамаға енгізіліп, нақты мерзімдер мен жауапты тұлғалар белгіленді. Әр бөлім мен мекемеге өз саласы бойынша жүктелген міндеттерді жүйелі әрі сапалы орындау, тұрғындардың өтініш-шағымдарын уақытылы шешу қажеттігі ескертілді. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне әрбір ауылдық округ бойынша қыс маусымына дайындық барысын бақылауда ұстау, тиісті талдаулар жүргізу тапсырылды.

Рысдәулет Айтбаев өз сөзінде қала мен ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасы тікелей коммуналдық қызмет сапасына байланысты екенін атап өтіп, әрбір бөлім басшысы мен ауыл әкіміне тұрғындармен кері байланысты нығайтып, тұрғындар көтерген мәселелерді елеусіз қалдырмауға шақырды. Жиын барысында нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы қала әкімдігінің тұрақты бақылауына алынатыны айтылды.

Advertisements