ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 89 ЖАСТАҒЫ ПАЦИЕНТКЕ ЖАСАЛҒАН КҮРДЕЛІ ОТА СӘТТІ АЯҚТАЛДЫ
Түркістан облысы Ордабасы аудандық орталық ауруханасында алғаш рет жасы тоқсанға таяған пациентке күрделі ортопедиялық операция сәтті жасалды. 89 жасар тұрғынға жамбас буынын эндопротездеу отасы жүргізіліп, дәрігерлер науқасты белсенді өмірге қайта оралтуға мүмкіндік берді.
Науқас 2025 жылдың 31 қаңтарында тұрмыстық жағдай кезінде жарақат алып, жедел жәрдем бригадасы арқылы ауруханаға жеткізілген. Алғашқы медициналық тексеруден соң пациентке «жамбас мойнының сынуы» диагнозы қойылып, жоспарлы түрде ота жасауға шешім қабылданған. 1 ақпан күні аурухана базасында цементсіз биполярлы имплант көмегімен сол жақ жамбас буынын эндопротездеу отасы сәтті өткізілді. Хирургиялық араласу барысында ешқандай асқыну тіркелмеген, науқастың жағдайы бірқалыпты.
Аурухана мамандарының айтуынша, бұл – Ордабасы аудандық орталық ауруханасында жасалған алғашқы жоғары технологиялық ортопедиялық операция. Бұған дейін мұндай оталар тек облыстық немесе республикалық деңгейдегі клиникаларда ғана жасалатын. Жергілікті деңгейде осы тектес операциялардың жүргізілуі аудан тұрғындары үшін үлкен жеңілдік болып отыр.
Мамандардың айтуынша, егде жастағы адамдарда сүйек сынуы жиі кездеседі және мұндай жағдайларда уақытылы жасалған эндопротездеу отасы мүгедектікке жол бермей, пациенттің өмір сапасын айтарлықтай жақсартады. Операциядан кейін науқас біраз уақыт оңалтудан өтіп, толық қалыпты өмірге оралуы мүмкін.
– Науқастың жағдайы қазір тұрақты. Отадан кейінгі кезең қалыпты өтуде. Бұл ота біздің аурухана үшін үлкен тәжірибе болды. Біз енді болашақта осындай жоғары деңгейдегі ортопедиялық оталарды өзімізде жиі жасап тұруды жоспарлап отырмыз, – деді операцияны жасаған хирург-дәрігерлер тобы.
Емдеу шарасы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында толығымен тегін жүргізілді. Бұл – мемлекет тарапынан азаматтардың өмірі мен денсаулығына деген қамқорлықтың нақты көрінісі.
Бүгінде Ордабасы аудандық орталық ауруханасында травматология бағыты бойынша заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған операциялық бөлме, тәжірибелі ортопед-травматолог мамандар қызмет көрсетуде. Бұрын мұндай медициналық көмек тек ірі орталықтарда ғана көрсетілсе, қазір кез келген аудан тұрғыны өз өңірінде сапалы қызмет ала алады.
Осы жетістік – өңір медицинасының дамып келе жатқанын, медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасының артып жатқанын дәлелдейді.