«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: АРЫСТА ҚУРАҒАН АҒАШТАР ҚЫРҚЫЛУДА
Арыс қаласының келбеті күн сайын көркейіп келеді. Қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, экологиялық ахуалды оңалту және қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағытта «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қолға алынған бірқатар игі істердің нәтижесін қала тұрғындары күн сайын көруде.
Солардың бірі – қала көшелеріндегі қураған ағаштарды кесу және санитарлық тазалықты қамтамасыз ету жұмыстары. Бұл іске кіріскен – Арыс қалалық «Жасыл Арыс» коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Олар күннің аптап ыстығы мен суыққа қарамастан, жыл он екі ай бойы қаланың көркі мен тазалығы үшін талмай еңбек етіп келеді. Аталмыш мекеме мамандары тал отырғызып, оларды күтіп-баптаудан бастап, көгалдарды шабу, бұталарды ретке келтіру, көшелерді сыпыру, ағаш діңдерін әктеу, қураған бұтақтарды кесу секілді жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуде.
Қауіп төндірген ағаштар жойылуда
Қазіргі таңда «Жасыл Арыс» мекемесі қала аумағындағы тіршілігін тоқтатқан, қурап қалған немесе қатты жел кезінде құлау қаупі бар ағаштарды анықтап, оларды кесу жұмыстарын жүргізуде. Бұл жұмыстар «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бастамасы аясында қолға алынған. Жоба қала инфрақұрылымын жаңғыртумен қатар, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Көшелер бойында және көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында өсіп тұрған қураған ағаштар мен сынған бұтақтар тек қала көркіне ғана емес, тұрғындар мен автокөліктерге де нақты қауіп төндіретіні белгілі. Мұндай ағаштар қатты жел кезінде құлап, адамдардың өміріне қауіп төндіріп, мүлікке зиян келтіруі мүмкін. Осыған байланысты, тиісті мекеме өкілдері алдын ала тексеріс жүргізіп, қауіпті аймақтарды анықтап, арнайы техникамен және мамандармен қамтамасыз етілген.
Ынтымақтастық – табыс кепілі
Бұл шараға «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің Арыс аудандық электр жүйесі мекемесі де белсенді атсалысты. Мекеме санитарлық тазалау жұмыстарына арнайы техника бөліп, кесілген ағаштарды тасымалдау және биіктегі бұтақтарды қауіпсіз түрде кесу бағытында үлкен қолдау көрсетті. Екі мекеменің бірігіп атқарған бұл жұмысы жергілікті тұрғындардың оң бағасын алып, қала әкімшілігі тарапынан да жоғары бағаланды.
Тұрғындар қураған ағаштардан құтылу арқылы өздерін анағұрлым қауіпсіз сезінетінін айтып, коммуналдық қызметкерлерге ризашылықтарын білдіруде. Сондай-ақ, осындай игі шаралардың тұрақты түрде жүргізілуі қажеттігін де атап өтті.
Экологиялық мәдениет қалыптасып келеді
Қалада санитарлық тазалық пен жасыл желекті күтіп ұстау мәдениеті жылдан-жылға жақсарып келеді. Бұл ретте «Жасыл Арыс» мекемесінің кәсібилігімен қатар, қала тұрғындарының да белсенділігі артып отырғаны байқалады. Тұрғындар енді тек сын айту емес, өз аулаларындағы ағаштарды әктеу, суару және күтіп ұстауға атсалысуда.
«Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде әрбір қала тұрғыны өз үлесін қоса алады. Бұл – ортақ жауапкершілік пен азаматтық ұстанымның белгісі. Тек билік пен коммуналдық қызметке артып қою жеткіліксіз, әрбір тұрғын өз ауласының, көшесінің тазалығына бейжай қарамауы керек.
Жоспарлы жұмыс жалғасады
Қала әкімдігі тарапынан алдағы уақытта қаланың жасыл белдеуін жаңарту, жаңа ағаш көшеттерін отырғызу, көгалдандыру жұмыстарын күшейту сынды нақты жоспарлар қабылданған. Сонымен қатар, санитарлық тазалық, суаруға арналған жүйелерді жаңғырту, қала тұрғындарының экологиялық сауаттылығын арттыру бағытындағы жұмыстар да күн тәртібінде тұр.
Арыс қаласының көркеюі – тек әкімдік пен мекемелердің ғана емес, барша тұрғындардың ортақ ісі. Қала көркі мен тазалығы – елдің өркениеттілігінің, мәдениетінің айнасы екенін ұмытпауымыз керек. Арыс жұрты бұл бағытта өздерінің белсенді азаматтық ұстанымдарын көрсетіп келеді.