Вице-премьер Түркістан облысындағы «Қосқорған» су қоймасының жай-күйі және өңірдің су тасқынына қарсы дайындығымен танысты

0

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары аясында Кентау қаласындағы «Қосқорған» су қоймасында болып, өңірдің су шаруашылығы және су тасқынына қарсы дайындық деңгейімен танысты. Су қоймасының аумағында өткен жиында вице-премьерге облыстың инфрақұрылым саласындағы бірқатар маңызды бағыттары бойынша мәлімет берілді. Атап айтқанда, су тасқынына қарсы іс-шаралар, ауыз сумен қамту, жылумен қамтамасыз ету, электр және газ желілерін жаңғырту жұмыстары, сондай-ақ ұлттық жобалар аясында атқарылып жатқан шаралар баяндалды.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің айтуынша, Түркістан облысында инфрақұрылым саласын жаңғырту бағытында жүйелі жұмыстар жалғасып келеді. Су қоймасы мен өзен арналарындағы гидротехникалық жағдай, инженерлік инфрақұрылым және тұрғындарды қауіпсіздікпен қамту мәселелері күн тәртібінде тұр.

Қанат Бозымбаев су тасқынының алдын алу мақсатында су нысандарының жағдайын реттеу жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтіп, жауапты мекеме басшыларына өз міндеттеріне мұқият қарап, тиісті шараларды уақытылы орындауды тапсырды.

Су тасқынына қарсы кешенді іс-шаралар

2024–2025 жылдарға арналған қыс-көктем мезгілдеріндегі су тасқынының алдын алу мақсатында өңірде арнайы инженерлік іс-шаралар жоспары бекітілген. Аталған жоспар 39 нақты шараны қамтиды. Бүгінде оның 28-і толық орындалса, қалған бағыттар бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.

«2024–2025 жылғы күз-көктемгі кезеңдегі төтенше жағдайлардың алдын алу іс-шаралары» аясында:

  • 1203 арық (ұзындығы – 461 шақырым)

  • 165 канал (ұзындығы – 654 шақырым)

  • 30 шақырым дюбинг-өткелдер тазаланды.
    Сонымен бірге 9 өзеннің арнасы тазаланып, 5 шақырым канал бетондалды. Бұл жұмыстардың нәтижесінде 24 елді мекенде су басу қаупі айтарлықтай төмендеді.

Қосымша жоспардан тыс:

  • Бөген өзенінің 2,5 шақырым арнасы

  • Боралдай өзенінің 3 шақырым арнасы түзетілді

  • Ақбастау елді мекенінде 600 метр қашыртқы (суағар) қазылды
    Нәтижесінде тағы 4 елді мекенде су тасқыны қаупі сейілді.

Сондай-ақ өңірдегі жалпы саны 5 476 автокөлік және теміржол өткелінің 89 пайызы тазаланды. Су тасқынына қарсы инертті материалдар мен арнайы техникалар алдын ала дайындалды.

Су қоймаларының қазіргі жағдайы

2025 жылдың қаңтар айындағы деректерге сүйенсек, Түркістан облысында қар жамылғысының қалыңдығы орташа есеппен 40 сантиметрді құрады. Бұл өзендердегі су көлемінің орта деңгейден төмен болуына әсер етті. Облыс аумағындағы 42 су қойманың орташа толу деңгейі қазіргі таңда 35 пайызды құрап отыр. Ірі су қоймалардың жағдайы келесідей:

  • Шардара – 85%

  • Көксарай – 23%

  • Бөген – 74%

  • Қосқорған – небәрі 4%

Бұл көрсеткіштерге байланысты жауапты органдар су қоймаларының толу және өткізу режимін тұрақты бақылауға алып отыр.

Қосқорған су қоймасының маңызы

2021–2022 жылдары жүргізілген кешенді сараптама нәтижесінде «Қосқорған» су қоймасының техникалық жағдайы қанағаттанарлықсыз деп танылды. Осыған байланысты нысанға күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынды.

Қазіргі таңда бұл су қойманың басты мақсаты — Сауран ауданына қарасты бес ауылдық округ (Ораңғай, Яссы, Қарашық, Қарнақ, Жүйнек) аумағындағы су тасқыны қаупінің алдын алу және 7 420 гектар суармалы жерді ағын сумен қамтамасыз ету болып табылады. Сонымен бірге су қоймасы «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасына су жеткізу қызметін де атқарады.

Су қоймасы көктемгі тасқын сулар есебінен толтырылып, жаз айларында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне пайдалануға беріледі. Су көзі ретінде Қаратау бөктерінен келетін Байылдыр өзені мен Кентау шахтасының сулары пайдаланылады.

Жылумен қамту инфрақұрылымы жаңартылды

Кентау қаласының тұрғындары көп жылдан бері алаңдатып келген №5 Жылу энерго орталығының (ЖЭО) жағдайына қатысты өз ризашылықтарын білдірді. Жылумен қамту мәселесі толық шешімін тауып, Президент, Үкімет және жергілікті әкімдіктерге алғыс айтылды.

Бұл ретте Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Кентау қаласын сапалы жылумен қамтамасыз ету үшін «Кентау ЖЭО-ның №7,8,9,10,11,12 қазандықтарын күрделі жөндеу» жобасы қолға алынды. Бұл мақсатқа Үкімет резервінен қаржы бөлініп, жарты ғасырдан бері жөндеу көрмеген жылу орталығында қайта жаңғырту жұмыстары басталды.

Нәтижесінде:

  • 6 қазандықтың қайта құру жұмыстары атқарылды

  • 5 қазандық толығымен жаңғыртылып, іске қосылды

  • 1 қазандық жақын арада іске қосылады

  • Бұдан бөлек, №5 қазандық бюджет қаражатына, №6 қазандық демеушілер есебінен жөнделді

  • Қала аумағындағы 6,6 шақырым магистральды жылу желілері жаңартылды

Бұл жұмыстар Кентау қаласының әлеуметтік нысандары мен тұрғын үйлерін үздіксіз әрі сапалы жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.

Advertisements