АССАМБЛЕЯНЫҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫ АЯСЫНДА ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ӨТЕТІН ІС-ШАРАЛАР ЖОСПАРЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

0

Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) 30 жылдық мерейтойына орай еліміз бойынша жүздеген іс-шаралар жоспарланып отыр. Осыған орай Астана қаласында арнайы жиын өтіп, онда алдағы жылға арналған кешенді жоспарлар талқыланды. Іс-шараға ҚХА төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Марат Әзілханов, ҚР Сенатының депутаттары, Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, республикалық этномәдени бірлестіктердің басшылары, сарапшылар мен өңірлік қоғамдық даму басқармаларының өкілдері қатысты.

Ассамблеяның мерейтойы ел бірлігін арттыруға бағытталады

Кеңесте белгілі болғандай, Ассамблеяның 30 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралар 2025 жылдың 1 наурызында басталады. Бұл күн – Қазақстан халқы Ассамблеясының ресми құрылған күні. Жоспарланған 400-ден астам ірі іс-шара ел көлемін қамтып, қоғамдық келісімді нығайту мен ұлтаралық татулықты дәріптеуге арналған болады.

Түркістан облысында 58 ірі іс-шара өтеді

Кеңес барысында бейнебайланыс арқылы Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева сөз сөйлеп, өңірдегі жоспарлармен таныстырды. Оның айтуынша, Түркістан облысында мерейтой аясында әкімдік қолдауымен 58 ірі іс-шара жүзеге асырылады. Бұл жобалар ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуға, жастарды қолдауға, салауатты өмір салтын насихаттауға және этносаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

Жаңа тележобалар мен реалити шоу көрерменге жол тартады

Ассамблея жұмысының мәнін ашуға арналған бірнеше тележоба қолға алынады. Атап айтқанда:

  • «Достық мекені»,

  • «Өскен өңір»,

  • «Жол-жөнекей»,

  • «Көзқарас»,

  • «Жақсы көрші тынысың»,

  • «Жаңа қала»
    жобалары ел ішіндегі татулықты насихаттайды. Сонымен қатар, ауылдардың тыныс-тіршілігі мен кәсіпкерлердің жетістігін көрсететін «ТҮРКІСТАН VIBE» реалити шоуы жүзеге аспақ.

Жастар мен спорт – басты назарда

Этнос жастары арасында «Спорт – достық алаңы!», «Шынықсаң шымыр боласың!», «Спорт – достықтың жаршысы!» сынды сайыстар өткізіледі. Сонымен қатар, этнос өкілдері тығыз шоғырланған Мақтаарал ауданында «Футбол академиясы» ашу жоспарланып отыр. Бұл бастамалар жастарды салауатты өмір салтына баулып қана қоймай, этносаралық қарым-қатынасты нығайтуға сеп болады.

Жастардың білім мен мәдениетке құштарлығын арттыру жобалары

Жастарды қолдау – ҚХА-ның негізгі бағыттарының бірі. Осы орайда:

  • «Біздің буын» тележобасы (жетістікке жеткен жастар туралы),

  • «Ой дода», «Кім білгір», «Ақыл-ой» сияқты интеллектуалды ойындар,

  • «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» пікірталас алаңы,

  • «Жас сарбаз» әскери-патриоттық байқауы ұйымдастырылады.

Мәдени бағытта «MУЗ-Life» (Turk music) жобасы мен TURKISTAN LAND тележобасы арқылы түркі халықтарының әуендері мен өнерлі этнос жастары қолдау табады.

Қоғамдық денсаулық және рухани жаңғыру бағытындағы бастамалар

Қоғамдағы өзекті мәселелермен жүйелі күресу мақсатында «Салауатты сана» жобасы шеңберінде «Шипа» тележобасы іске асырылады. Бұл бастама халық арасында салауатты өмір салтын насихаттап, зиянды әдеттердің алдын алуға бағытталған.

Патриоттық тәрбие мен тарихи танымға ерекше мән беріледі

ҚХА-ның «Елтану» мәдени-ағарту жобасы аясында этнос жастарына арналған бірнеше экспедиция мен танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады. Олардың қатарында:

  • «Тарихи таным»,

  • «Достық керуені» экскурсиялары,

  • «Созақтан Түркістанға» атты жаяу экспедиция бар.
    Сонымен қатар, Түркістан облыстық Ассамблеясының құрылуына үлес қосқан азаматтар туралы арнайы кітап жарық көреді.

Бұл іс-шаралар Ассамблея қызметінің қоғамдағы маңызын арттырып қана қоймай, ел ішінде бейбітшілік пен келісімді одан әрі нығайтуға ықпал ететіні сөзсіз.

Advertisements