АРЫСТЫҚТАР АЛЫПТАРДЫҢ АЛАПАТ АЙҚАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ – АЗАМАТТЫ САЛТАНАТПЕН ҚАРСЫ АЛДЫ

3

Астана төрінде елорда күніне орай алғаш рет ұйымдастырылған «Толағай» атты алыптар сайысы ұлттық спорт пен дәстүрлі этно-мәдени құндылықтарды ұлықтау мақсатында өткен болатын. Шілденің 6-сы күні елорданың 25 жылдығына арналған ауқымды шарада елдің әр өңірінен келген 15 мықты спортшы өз күшін сынап, нағыз батырларша бақ сынады. Сайыс еліміздің спорт әлемінде жаңаша серпін беріп, алыптар күшін көпшілікке паш етті.

Аталған дүбірлі додада Түркістан облысы, Арыс қаласының тумасы, еліміздің бірнеше дүркін жеңімпазы, ұлттық рекорд иесі Азамат Мақұлбеков қарсыластарынан оқ бойы озып, абсолютті жеңімпаз атанды. Білекті балуан барлығы 5 кезеңнен тұратын күрделі спорттық сынақтарда жоғары нәтижелер көрсетіп, алтын белбеу мен алтын медальға және 1 миллион теңге көлеміндегі қаржылай жүлдеге ие болды.

Турнир ережесіне сәйкес, қатысушылар мықтылықты, төзімділікті және ептілікті талап ететін келесі бес ерекше спорт түрінен сынға түсті: ұзындығы 1,5 метр болатын болат темірді мойынға салып майыстыру; салмағы 140 келі тартатын тасты белгіленген межеге дейін көтеріп алып жүру; салмағы 100 келіден асатын ауыр ағаш бөренені иыққа қойып отырып-тұру; 500 келілік арбаны сүйреп, қашықтыққа жеткізу; сондай-ақ салмағы 10 келі болатын найзаны алыстқа лақтыру. Бұл сайыстар тек күштің ғана емес, шеберлік пен төзімділіктің де сынағы болды.

Азамат Мақұлбеков осы сындардан сүрінбей өтіп, әр кезеңде үздік нәтижелермен көзге түсті. Оның жеңісі тек жеке жетістік қана емес, бүкіл Арыс қаласының абыройы саналды. Әсіресе, оның 2023 жылы Түркістанда өткен сайыста 3555 рет қошқар көтеріп, әлемдік рекорд орнатқанын ескерсек, Азаматтың алыптар қатарында болуы заңдылық. Ол бүгінде Қазақстандағы ең мықты күш атлеттерінің бірі ретінде мойындалған.

Жеңімпазды туған жері – Арыс халқы зор қуанышпен күтіп алды. Қала кіреберісіндегі Дендросаябақ маңында салтанатты қарсы алу рәсімі ұйымдастырылып, оған қала әкімдігі, мәслихат депутаттары, спорт қауымдастығының өкілдері, туған-туыстары мен қала тұрғындары жиналды. Қала әкімінің орынбасары Алмаз Сұлтанов пен қалалық мәслихат депутаты Алмаз Шүкірбеков арнайы құттықтап, балуанға құрмет көрсетті.

— «Арыс спорт саласының деңгейі күн санап өсіп келеді. Сіз секілді азаматтардың арқасында жас ұрпаққа үлгі болып, қаламыздың атын биіктен танытып жүрсіз. Жеңістеріңіз баянды болсын!» – деді Алмаз Советұлы өз сөзінде.

Салтанатты шарада батырға Арыстың бір топ кәсіпкерлері мен спорт жанашырлары ат мінгізіп, ұлттық дәстүр бойынша сый-құрмет көрсетті. Бұл – қазақ халқының ежелден батырларын осылай құрметтегенінің айғағы.

Азамат Мақұлбеков өзінің сөзінде: «Бұл жеңіс – тек менің ғана емес, мені қолдаған бүкіл арыстықтардың жеңісі. Мен осы жетістігімді туған қалама, отбасым мен жанкүйерлеріме арнаймын. Әлі де талай жеңістерге жетемін деп сенемін», – деп алғысын білдірді.

Қазіргі таңда Азамат ел намысын қорғап, халықаралық жарыстарда бақ сынауға дайындалып жатыр. Оның басты мақсаты – Қазақстанның туын әлемдік ареналарда биікте желбірету. Бұл жолда мемлекет тарапынан да, жергілікті әкімдіктен де қолдау жеткілікті.

«Толағай» сайысы тек спорттық жарыс қана емес, ұлттың рухын көтеріп, батырлық пен жігерді дәріптеген маңызды оқиға болды. Мұндай шаралар жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, ұлттық сана мен патриоттық рухты оятатыны сөзсіз. Ал Азамат Мақұлбековтің жеңісі – сол рухтың жарқын көрінісі.

Advertisements