АРЫСТА «ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫ» АЯСЫНДА ЖАҢА ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланғаны белгілі. Бұл бастама – ел экономикасының тірегі саналатын жұмысшы кадрлардың беделін арттыру, олардың еңбегін дәріптеу және кәсіптік білімге жаңа серпін беру бағытында қолға алынған маңызды қадам. Аталған жыл аясында еліміздің барлық өңірлерінде, соның ішінде Түркістан облысында да ауқымды жобалар мен нақты іс-шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.
Осы мақсатта Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен жұмыс тобының отырысы өтті. Жиын барысында облыс көлемінде «Жұмысшы мамандықтар жылын» өткізу бойынша ұсынылған іс-шаралар жоспары жан-жақты қаралып, қажетті толықтырулар мен нақтылаулар енгізілді. Отырысқа аудан, қала әкімдіктері мен салалық басқармалардың өкілдері қатысып, өз салалары бойынша ұсыныстарын жеткізді.
Жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары мемлекеттік бастамалардың формализмге айналмай, нақты нәтиже беретін шараларға ұласуы қажет екенін қатаң ескертті.
📌 «Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмалары – жай нұсқау емес, олар – ел дамуына бағытталған нақты стратегиялық мақсаттар. Біз мұндай бастамаларды «бір реттік акция» деп қабылдамауымыз керек. Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру тек науқандық емес, ұзақ мерзімді жүйелі жұмыс болуы тиіс. Облысымызда еңбек адамдары жеткілікті. Мемлекеттік грант арқылы кәсібін ашқан жастар, «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы табыс тауып отырған отбасылар, өндіріс пен ауыл шаруашылығында табанды еңбек етіп жүрген азаматтар – бәрі де назарда болуы керек. Олардың еңбегін дәріптеу – біздің міндетіміз. Бұл ретте тек құрғақ баяндама мен есеп емес, нақты нәтижеге бағытталған сілкініс қажет», – деді Бейсенбай Дәулетұлы.
Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде барлық аудан, қала әкімдіктері мен басқармаларға нақты жоспар жасап, жыл бойы жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырды. Жоспар тек қағаз жүзінде қалмауы тиіс, әр бастама өмірмен байланысты болуға, қоғам сұранысына сай жүзеге асырылуы тиіс.
Бүгінгі таңда Түркістан облысында 50 колледж жұмыс істесе, соның 30-ы жұмысшы мамандықтарын дайындаумен айналысады. Бұл оқу орындарында 40 мыңнан астам студент техникалық және кәсіптік білім алуда. Биылғы оқу жылында облыс колледждеріне 15 мыңнан астам мемлекеттік грант бөлініп отыр. Бұл – болашақ жұмысшы мамандардың сапалы білім алуына берілген үлкен мүмкіндік.
Жиында Түркістан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова атқарылып жатқан жұмыстар бойынша баяндама жасады. Оның айтуынша, «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында 6 бағыт бойынша 60-қа жуық іс-шара өткізу жоспарланған. Әрбір басқарма мен мекемеге нақты міндеттер жүктеліп, олар өз саласы бойынша жұмысшы мамандықтарын насихаттау жұмыстарымен айналысатын болады.
Жоспарланған шараларға кәсіби мерекелерді жоғары деңгейде атап өту, мектеп оқушылары мен студенттерге кәсіптік бағдар беру, өндіріс орындарына экскурсиялар ұйымдастыру, шеберлік сайыстары мен форумдар өткізу, жұмысшы мамандықтарының жас көшбасшыларын анықтау және марапаттау, сондай-ақ үздік мамандар байқауын ұйымдастыру секілді маңызды істер енген. Сонымен қатар, облыстық және республикалық деңгейде кадр даярлау мәселелері бойынша ашық сессиялар өткізілетін болады. Ең басты мақсат – еңбек адамының бейнесін қоғамда кеңінен танымал ету, оның беделін көтеру.
Жұмысшы мамандықтарының маңызын арттыру – экономиканы әртараптандыру мен кәсіптік білім беру сапасын жақсартудың кепілі. Бүгінгі қоғамда жоғары біліммен қатар, сапалы техникалық білім де аса қажет. Электрик, дәнекерлеуші, құрылысшы, технолог, агроном сынды нақты кәсіп иелері еңбек нарығында сұранысқа ие. Мұны ескерген облыс әкімдігі жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру үшін түрлі жобалар мен ақпараттық кампанияларды да қолға алмақ.
Айта кету керек, бұл жұмыстардың барлығы облыс әкімінің тікелей бақылауында болады. Әрбір іс-шараның мазмұны мен тиімділігіне ерекше назар аударылады. Облыстық деңгейдегі іс-шаралармен қатар, әр аудан мен қалада да өзіндік жоспарлар жүзеге асып, халықтың қатысуымен мазмұнды жұмыстар атқарылуы тиіс.
Бұл – тек еңбек адамына құрмет көрсету емес, бүкіл елдің дамуына серпін беретін кешенді іс. Түркістан облысы бұл бағытта көш бастап, нақты нәтижелерге қол жеткізеді деп күтілуде.