Әкім 500 үйге дабылқаққыш орнатып берді

407

Биылғы қысқы жылу беру маусымының басталуына орай, қауіпсіздік шараларының орындалуын жеке қадағалау мақсатында Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков бірнеше пәтерлерді арнайы барып көрді,  деп хабарлайды  yassy-tur.kz

Бұған дейін қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің өкімімен Түркістан қаласы аумағындағы коммуналдық меншіктегі көпқабатты тұрғын үйлердің пәтерлеріндегі азаматтардың заңсыз орналасуын, құйылмалы газ құтысын пайдалануды, ішкі жылу жүйелеріне өзгерістер енгізілуді және коммуналдық пәтерлердің жалдау ақыларын мерзімінде төлеуін зерделеу мақсатында жұмысшы топ құрылған болатын. Осы топ құрамындағы біздің тілшілеріміз бірнеше көпқабатты пәтерлерге және жеке тұрғын үйлерге жасалған рейд құрамында болған еді. Сол кезде әкімнің өкімінің орындалуын жүзеге асырған Түркістан қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен қала әкімінің орынбасары Жандос Тасов бастаған жұмысшы топ бірқатар жайларды анықтаған болатын. Рейд құрамына салық, полиция, төтенше жағдайлар және Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мамандары кірді. Осы жұмысшы топтың мүшелері көпқабатты үйлердің пәтерлерін аралау барысында бірқатар кемшіліктердің барын анықтады. Бірнеше пәтер иелерінің коммуналдық меншіктегі үйді екінші адамдарға жалға беру фактілері орын алғандығы байқалды. Осыған байланысты қорытынды шығарылып, заң аясында шара қолданылды. Рейд барысында төтенше жағдайлар басқармасының өкілдері тұрғындарға құйылмалы газ құтысын пайдаланудың заңсыздығын түсіндірді. Рейд барысында үйлеріне газ кіргізілген бірқатар тұрмысы төмен отбасыларының газдабылқаққыш құрылғысын алуға қаржысы болмай отырғандығы расталды. Тұрмыстағы өрт қауіпсіздігінің, газбен уланудың алдын алу бойынша мемлекеттік өрт сөндіру басқармасы, газ инспекциясының мамандары және төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері қазіргі таңда алты сектор аумағындағы 34542 тұрғын үйге, оның ішінде 6355 көп қабатты тұрғын үйге насихат жұмыстарын жүргізді. Жұмыс әлі жалғасуда. Нұрбол Әбдісаттарұлы тұрғындардың қауіпсіздігі үшін газдабылқаққыш яғни газдың құбырдан кетуіне жол бермейтін арнайы қақпақты қондырғы орнатудың маңыздылығы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуді құзырлы сала басшыларына ескерткен болатын. Бүгінгі күні газ тұтынушылар арасында бұл құрылғының маңызы мен міндеті кеңінен түсіндірілуде. Шаһар басшысы әлеуметтік қолдауға мұқтаж бірқатар отбасының баспаналарына барып, газдабылқаққыш қондырғысын орнатып берді. Күні бүгінге дейін осылайша тұрмысы төмен 500 отбасына осындай газқондырғысы жеткізілді. Оны тиісті сала қызметкерлері тегін орнатып берді.

Ескендір ЕРТАЙ

Advertisements