Цифрлы Қазақстан: Халық санағына онлайн тіркелгендердің дені Түркістанда

390

Қазақстанда 1-30 қазан аралығында ұлттық халық санағы өтеді. Интервьюерлер үйме-үй аралап, халық арасында сауалнама жүргізеді. Ресми дерек бойынша, 6,4 миллионнан астам адам (халықтың 33,8 пайызы) сауалнама сұрақтарына онлайн жауап берген, деп хабарлайды  aldaspaninfo.kz

Өздеріңізге белгілі, ұлттық санақтың онлайн тіркеу мерзімі аяқталды. Облыс аумағында аса белсенділікпен онлайн тіркеліп, көш бастаған Түркістан қаласының тұрғындары болып отыр. Алдын ала болжам бойынша 70500 адам онлайн тіркелуі мүмкін деп күтілгенімен нақты 90 мыңнан астам адам өз мүмкіндігін пайдаланып, азаматтық белсенділік танытты.  Түркістан қаласындағы «Отырар» мөлтек ауданының тұрғыны Жамбыл Жабаев атындағы №11 мектептің информатика пәнінің мұғалімі Гүлжайна Қадырова өз еркімен халық санағын жүргізуге сауалнамашы болып қазанның 1-інен бастап іске кірісіпті. Ол қазанның 15-іне дейін өзіне қарасты жеті көшедегі 95 тұрғын үйдегі 500 адамның 300-ге жуығын қамтыған екен. Бұл аумақтағы тұрғындардың 30 пайызға жуығы онлайн түріндегі санаққа қатысқан көрінеді. Көбіне тұрғындар үйлерінде болмағандықтан кешке қарай сауалнама жүргізуге полиция қызметкерлері мен әкімдік өкілдері де көмектеседі. Өзінің планшетімен мұқият сұрақтардың бәріне толыққанды жауап алып жүр. Респонденттер әлеуметтік желіде сауалнамада «тірі туып, кейін шетінеген» балалар немесе шетелге көшу ниеті туралы қисынсыз сұрақтар кездесетінін айтып, шағымданған.  Жеке табысым туралы ақпараттың не қажеті бар? Олар бұл туралы ай сайын жеке шотыма түсетін ақша мен зейнетақы жарнасынан-ақ біліп отыр емес пе?, – дейді «Отырар» мөлтек ауданының тұрғыны Асылбек есімді кәсіпкер.  Бұған сауалнамашы Гүлжайна Қадырованың жауабы дайын екен.  – Біз әрбір отбасына түсетін орташа кірісті білу арқылы әлеуметтік жағдайының қандай екендігін, көпшілігіне тұрмысы төмендігіне байланысты жәрдемақы қажеттігін де тіркейміз. Мұны әрі қарай статистика мамандары тағы тексеріп, сараптаудан өткізіп, орталық базаға жібереді. Бұдан жергілікті әкімдіктер мен құзырлы органдар толыққанды хабарланып, елдің экономикалық қарым-қабілетін де бақылайды. Яғни, нарыққа қатысты жай-жағдайын сараптайды. Дәл сол сияқты «Шетелде болдыңыз ба? Шетелде туыстарыңыз бар ма?» деген сұрақ та артық емес. Шекара қызметі онсыз да елге кіріп-шыққан азаматтарды тіркеп отырмай ма?,- деген де ойлар респонденттер тарапынан айтылды.  – Біз отбасы иелерінің намысына тимей, барынша түсіндіріп жатырмыз. Қазіргі кезде Оңтүстік Кореяда, Ресейдің Амур облысында жұмыс істеп жатқан түркістандық жастар көп. Олар ата-аналарына қаржылай көмектесіп, Түркістаннан жайлы үйлер салып алуына қамқорлық жасап, көмектесуде. Сондай-ақ, еліміздегі Атырау, Ақтау, Ақтөбе секілді мұнайлы өңірлерінде вахталық әдіспен жұмыс жасап жүргендер де бар. Себебі, жасыратыны жоқ Түркістанда көп облыстарға қарағанда, айлық жалақының төмендігі байқалады. Оның сыртында биылғы санақта қойылатын сұрақтардың ішінде «Неше балаңыз бар? Нешеуі шетінеді?»,-деген де сұрақ та бар екен.  Бұл табиғи түрдегі ешқандай да қысылатын сұрақ емес. Себебі, отбасын жоспарлаудың жайын мемлекет те ойластыруы керек емес пе? Бірақ мен мұндай сұрақтардың барысын респондентке жан-жақты түсіндіріп барып, көңіліне келмейтіндей етіп, сауалымды сақтықпен қоямын,-дейді Гүлжайна Қадырова.  Жалпы Түркістан жұртшылығы халық санағына барынша түсіністікпен қарап, өзімізге де көмектесуде. Айдың аяғына дейін қалған 200 адамды да қамтитынына сенімдімін,-дейді Гүлжайна Қадырова. Ол сөз арасында тұрғындарды аралап, халық санағын жүргізуге негізінен мектеп мұғалімдері мен балабақшаның тәрбиешілері тартылып отырғанын жасырмады. Себебі, өздері тұратын аумақтағы елмен етене араласып, ата-аналармен де балалармен де тіл табыса алатындар осы мамандық иелері. Қайта ерікті түрде халық санағына сауалнамашы болғандардың қосымша табыс табуына мүмкіндігі бар. Бәрінен бұрын, мемлекетіміз тәжтажал індетінен кейінгі экономикалық дағдарыстан тезірек шығып, етек-жеңін жинап, алдағы келе жатқан әлемдік тоқырау толқынынан қысылмай шығуға тас түйін бекем болуы үшін де керек. Мұны зерделеген әрбір түркістандық сауалнамашыларды әуре-сарсаңға салмай, сұрақтарына нақты жауап бергені жөн. Мүмкіндігі болса, сауалнамадан онлайн өткені өздеріне де қолайлы болып отыр.

Advertisements