«Мақсатымыз Түркістанды туризмі дамыған, экологиялық таза, қауіпсіз қалаға айналдыру»

376

Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Әбдісаттарұлы Тұрашбеков қызметке кіріскен күннен бастап, қала көлеміндегі игілікті істердің бастамасы болып келеді. Шаһарға әкім болып келген тұста қаланың ардагерлері және зиялы қауымы өкілдерін жинап, алдағы уақытта атқаратын жұмыс жоспарларымен таныстырып өткен болатын. Қаланы 6 секторға бөліп, өзекті мәселелерді бақылауға алып, жүйелі түрде шешуге ықпал жасайтынын жеткізген еді. Қаланың абаттануына, тазалығына ден қойған шаҺар басшысының тыңғылықты жұмысына бүгінде түркістандықтар оң бағасын беруде, деп хабарлайды yassy-tur.kz

Осыған байланысты, қала әкімінің жергілікті «Түркістан» қалалық газетіне облыс орталығындағы атқарылып жатқан және алдағы уақытта атқарылатын мәдени-әлеуметтік, тұрмыстық кешенді шаралары жөнінде арнайы барып сұқбаттасқан болатынбыз.  Нұрбол Әбдісаттарұлы, Түркістанның жаңа тынысы қалай ашылды?  Ғасырлар бойы Қазақ хандығының және бүкіл түркі әлемінің саяси әрі рухани орталығы болған Түркістанның тарихында 2018 жылы 19 маусым алтын әріптермен жазылды. Бұл күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа жария түрде қол қойып, көне шаһарға облыс орталығы мәртебесі берілді. 2020 жылы Үкімет Түркістанның Түркі әлемінің орталығы ретінде 2035 жылға дейінгі мәдени-рухани дамуының Бас жоспарын бекітті. Бұл қала құрылысының, құрылымының, көлік және инженерлік коммуникацияларының, тіпті көгалдандыру мен абаттандыру жүйесінің кешенді жоспарының бас құжатына айналды.“Ендігі мақсат – Түркістанды экологиялық таза (Green City), туризмі дамыған, ақылды (Smartcity), қауіпсіз, тұрақты (Resilience) және жаһандық (Global City) қалаға айналдыру.”

Қаланың ерекшелігі неде деп ойлайсыз?

– Түркістан – Қазақстанның ежелгі қалаларының бірі. Ол тарих пен мәдениеттің әлемге әйгілі ескерткіштер кешені мен сәулет өнерінің жауһары-Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан қала ретінде ЮНЕСКО тізіміне енген. Сонымен қатар, қаланың Ұлы Жібек жолы бойында, Орталық Азияны Еуропамен, Қиыр Шығыс және Үнді-Қытай елдерімен байланыстыратын қолайлы географиялық белдеуде орналасқаны да маңызын арттырады. Бұл жерден республикалық маңызы бар автомобиль және теміржол торабы өтетіні өздеріңізге белгілі.

– Әріптестік бағытында біткен шаруалар бар ма?

– Әрине, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін пайдалану арқылы жергілікті және шетелдік әріптестермен бірлескен кәсіпорындар құру және инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша да аз тірліктер атқарылған жоқ. «Түркістан» арнайы экономикалық аймақ Басқарушы компаниясының инвестициялық жобаларды тарту, сүйемелдеу және қолдау бойынша жүргізген жұмыстардың нәтижесінде бүгінгі таңда 134 жоба жүзеге асырылған. Нақты туризм саласы бойынша 18 жоба іске асуда. Жаңа кәсіптік нысандар салынуда. Ол кәсіптік нысандарда барлығы мыңнан аса тұрғын жұмыспен қамтылатын болады.

Advertisements