Түркістан: Түркі елдерінің анимация бірлестігін құру ұсынылды

387

Түркістанда өткен Халықаралық «ÁMEN» анимациялық фильмдер фестивалінде бауырлас елдердің анимация өнерінің бүгінгі жай-күйі мен келешек бағдары талқыланды, деп хабарлайды  adym.kz

Түркістанда өткен Халықаралық «ÁMEN» анимациялық фильмдер фестивалінде бауырлас елдердің анимация өнерінің бүгінгі жай-күйі мен келешек бағдары талқыланды. Фестивальдің екінші күні ұйымдастырылған «дөңгелек үстелге» қазақ мультипликациясының өкілдері мен бауырлас түркі елдердің белгілі режиссер-аниматорлары қатысты. Олардың қатарында «Ұлттық киноны қолдау» орталығының бас продюсері Адай Әбілдә, анимация продюсері және режиссер Мусаб Гүндүз (Түркия), режиссер-сценарист, ҚР Мәдениет қайраткері Батырхан Дәуренбеков, «Balapan» телеарнасының бас продюсері Сандуғаш Баймаханқызы, комикс және қозғалыс суретшісі Мұстафа Ахмет Қара (Түркия), режиссер-мультипликатор Тұрдыбек Майдан, Қазақ ұлттық өнер университетің оқытушысы Ләззат Біләлқызы, режиссер-аниматор Азизбек Мухамедов (Өзбекстан) және отандық киностудиялардың жетекшілері бар. Сондай-ақ анимацияға арналған басқосуға Мәжіліс депутаты Мақпал Тәжмағамбетова мен «Рухани жаңғыру» қоғамдық даму институты Басқарма Төрағасының орынбасары Аманбек Төлепбергенов те қатысып, пікір білдірді. Көтерілген мәселеге қатысты қатысушылардың ойы бір жерден шықты. Олар келешекте түркі дүниесінің аниматорларын біріктіру керек деген мәселеге бірауыздан тоқтады. «Түркі елдерінің анимация мамандарын біріктіріп, сол жұмысты жүйелесек, ауқымды аудиторияны қамтуға мүмкіндік туады. Осы бағытта жұмыс істеуіміз керек. Қызығушылық бар, алайда әрекет жоқ. Түркітілдес мемлекеттердің арасында көпір болатын ұйым құруымыз керек», – деді А. Әбілдә. Түркиядан арнайы келген анимация продюсері және режиссер Мусаб Гүндүз түркі халықтары өз арасында ниеттес, пікірлес, жанашыр болуы маңызды екенін баса айтып, ортақ ұйым құруды қолдайтынын жеткізді.
Отырыс барысында Мәжіліс депутаты Мақпал Тәжмағамбетова мен «Рухани жаңғыру» қоғамдық даму институты Басқарма Төрағасының орынбасары Аманбек Төлепбергенов анимация мамандарының ұсыныстарымен танысып, өз деңгейінде көтеруге ниет білдірді. Түркістанда өткен халықаралық «ÁMEN» фестивалінде өзбек режиссер-аниматоры Азизбек Мухамедовтің «Дом на колесах» мультфильмі «Үздік анимациялық фильм» атанды. Жеңімпаздар одан бөлек тағы тоғыз аталым бойынша анықталды. Екі бірдей қатысушының жобасы үздік сериал атанды. Тынышқали Тілегеновтің «Бұзығым» және Бекдос Саятұлының «Суперкөлік самұрық» мультхикаясы өзге жұмыстар арасынан оқ бойы озық тұрды. Өзге шетелдік қатысушылар арасынан Башқұрт аниматоры Рим Шарафутдинов «Золотой дворец» туындысымен «Үздік режиссерлік жұмыс» сыйлығын жеңіп алса, тәжікстандық қатысушы Лолисанам Улугова «Хувайдо» мультфильмімен «Үздік сценарий» авторы атанды. Мейіржан Төлепбайдың «Жанұя» мультфильмі студенттер арасындағы үздік жұмыс болса, Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері Малика Мақсатқызы мен Қажыбек Гүлнұрдың туындылары «Үздік студенттік режиссерлік жұмыс» марапатын иеленді. Одан бөлек әділқазылардың арнайы сыйлығымен режиссер Нұргүл Дауытова мен Сұлтан Қыдырбаев марапатталды. Ал режиссер Мейіржан Төлепбай «Көрермен көзайымы» аталымына ие болды.
Байқауға ұсынылған комикстер арасында Мәди Өтегеновтің «Батыл сақшылар» жұмысы үздік деп танылды. Ал фестивальдің ең жас қатысушылары Түркістан «Оқушылар сарайының» анимация үйірмесінің тәрбиеленушілері креативті қөзқарасы үшін марапатталды.
Advertisements