Түркістанда заман талабына сай алып спорт кешені ашылды

521

Түркістан қаласында заман талабына сай «Olympic Center» спорт кешені ашылды. Қуанышты сәтке Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, меценат Данияр Абулғазин және жуырда ғана бокстан әлем чемпионы атанған Сәкен Бибосынов арнайы қатысып, ғимараттың лентасын қиды. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев сөз сөйлеп, Түркістан жұртшылығын құттықтады.
– Облысымызда Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық басталып кетті. Сол мереке қарсаңында Түркістан қаласында көптеген әлеуметтік нысандар іске қосылып жатыр. Өздеріңіз білесіздер, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Түркістан қаласын қайта жаңғырту, жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. 2,5 жылдың ішінде 400-де астам нысан салынды. Жаңа әкімшілік-іскерлік орталық, тарихи, мәдени, турисік орталықтар бой көтерді. Түркістанның жаңа келбеті қалыптасып келе жатыр. Міне, осы даму жоспары аясында бүгін өте керемет спорт кешенін ашқалы тұрмыз. Бұл нысанды белгілі кәсіпкер Данияр Абулғазин өз қаражатына салып, Түркістанға тарту етіп отыр. Өздеріңіз көріп отырсыздар, мұнда спортты дамытуға барлық жағдай жасалған. Спорттың түр-түрімен жылдың 4 мезгілінде де үздіксіз айналысуға болады. Командалық ойын түрлері залы, 50 метрлік бассейні, медициналық орталығы өте жақсы жобамен салынған. Бұл кешен біздің жасөспірімдер, жастар үшін өте керемет сыйлық болды. Мінеки, арамызда күні кеше ғана әлем чемпионы атанған Сәкен Бибосынов бауырымыз келіп отыр. Өңірімізден Сәкен сияқты чемпиондар шыға берсін!– деді Ө.Шөкеев. Салтанатты іс-шарада спорт нысанын салып берген меценат Данияр Абулғазин жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткен Түркістан облысы әкімдігіне алғысын білдірді.
– Бұл кешенді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен салып, елге тапсырып отырмыз. Ғимаратта спорттың сан түрімен айналысуға көп мүмкіндіктер жасалған. Өз өмірін кәсіби спортпен байланыстырғысы келетіндер де, денсаулығын жақсартып, дене шынықтыруды қалайтындар да өзіне ұнайтын нәрсені осы спорт кешеннен табатынына сенімдімін – деді ол.
Жиында бокстан Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Бибосынов та құттықтау сөз сөйлеп, осы кешеннен лайықты ізбасарлар өсіп шыға берсін деген тілегін жеткізді.
Түркістандағы жаңа тұрғын үйлер аумағында орналасқан нысанның жалпы аумағы – 13 246 шаршы метр. Мұнда спорттың бірнеше түрінен халықаралық додаларды өткізуге мүмкіндік бар. 1000 адам сыятын әмбебап спорт залында шағын футбол, баскетбол, гандбол, волейбол, үстел теннисі және өзге де спорт түрлерін дамытуға мүмкіндік жасалған. 9 жүзу жолағы бар, ұзындығы 50 метрлік бассейн де халық игілігіне берілді. Ашық аспан астындағы бассейннің қасында бір мезгілде 200 адам күнге қыздырынып, жарысты тамашалай алады.
Сонымен бірге ерлерге және әйелдерге арналған жалпы 170 орындық киім ауыстыру бөлмесі, мәжіліс залы және сапалы әрі кәсіби құрал-жабдықтармен жабдықталған жаттығу залы жұмыс істейді. Жүгіру жолақтары мен веложол, массаж бөлмесі, хамам, сауна және 40 орындық буфет бар. Тағы бір ерекшелігі, кешенде медициналық орталығы да жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ 82 орындық қонақ үй салынған. Бұл спорт кешенінде оқу-жаттығу жиындарын да өткізуге болады.
Құрылыс жұмыстары 2019 жылы басталып, биыл тапсырылған бұл нысан Түркістан өңірінде бұқаралық және кәсіби спортты дамытуға тың серпін береді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Advertisements