Түркістан: Теміржолшылар құрметіне ескерткіш қойылып, саябақ жаңартылды

429

Арыс қаласында теміржол тарихынан сыр шертетін, көненің көзіне айналған паровоздың ескерткіші орнатылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Арыс қаласы ажарлана түсті. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген Арыс қаласының 65 жылдық мерейтойы қарсаңында, қалаға кіреберістегі «Дендросаябақ» алдына теміржол тарихынан сыр шертетін, көненің көзіне айналған паровоздың ескерткіші орнатылды. Ашық аспан астындағы музейге орналастырылған паравоздың салтанатты лентасын ҚР Парламенті сенатының депутаты Әлімжан Құртаев, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев және Арыс қаласының құрметті теміржолшылары қиды. Ескерткішті орнатудағы негізгі мақсат – «Түркісіб» теміржолының құрылысына қатысып, жапан түзде тіршілікті жандандырған арыстықтарға, пойыздардың қауіпсіз жүріп тұруын қамтамасыз етуші барлық теміржолшыларға құрмет көрсету. Бұл айбынды монумент барлық теміржолшылардың қажырлы еңбегін асқақтатын белгі болып қалмақ. Паровоз тарихына үңілсек, ол 1946 жылы Улан-Уде қаласындағы зауыттан шыққан. Салмағы жүздеген тоннаны құрайтын отарба Шығыс Қазақстан облысы, Шемонайха станциясынан әкелінген. Салтанатты жиында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев арыстықтарды арнайы құттықтады. “Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Арыс қаласының 65 жылдығына орай ерекше қуанышты жағдайдың куәсі болып отырмыз. Темір жол саласы – Қазақстан экономикасының күре тамыры. Жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ халқының тұрмысына шойын жол шаруашылығының енуі мен оның дамуы біздің ұлтымыз үшін айтулы оқиға болды. Ал тұтас бір дәуір жаңғырығына айналған «Түрксіб» темір жолының салуда Арыс қаласының маңызы зор еді. Осы жолда біздің ата-бабаларымыз талмай тер төгіп, аянбай еңбек етті. Біз бүгін қазақ елінің өсіп-өркендеуі мен темір жол саласын дамытудағы ақ адал маңдай тердің өтеуі әрі арыстық теміржолшылардың ерен еңбегіне көрсетілген құрмет ретінде ашық аспан аясындағы ескерткіштің ашылу салтанатына жиналып тұрмыз. Осындай құндылықтарды дәріптеу арқылы біз ұрпақтар сабақтастығын сақтап, қазақстандық теміржолшылардың ерен еңбегін кейінгі буынға үлгі етеміз”, – деді облыс әкімі. Арыс қаласы әкімінің ұсыныс білдіруімен жобаны сәтті жүзеге асыруға Арыс қаласындағы теміржол училищесінде білім алып, еңбек жолын Арыс қаласында бастаған Қазақстанның «Құрметті теміржолшысы» Мақсұт Іскендіровтің, «отарбалардың» Арыс қаласына жеткізілуіне тікелей ықпал еткен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаевтың, тарихты тірі куәгерінің тұғырға жеткізіліп, орнатылуына демеушілік жасап, материалдық көмек көрсеткен теміржол саласының ардагері Ермекбай Ермановтың үлесі зор болды. Сондай-ақ, облыс басшысы Арыс қаласындағы Теміржолшылар паркіне барды. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары бой көтерген саябақ Арыс қаласының 65 жылдығына орай, мүлдем жаңа кейіпке енді. Бүгінде мұнда орындықтар ауыстырылып, балаларға арналған түрлі ойын аттракциондары орнатылды. Әрбір аттракционның қауіпсіздік ережелері заманауи талапқа сай келеді. Сондай-ақ жаяу жүргіншілерге арналған жол кеңейтіліп, жаңартылды және мұнда озық үлгідегі жарықтандыру технологиясы қолдынылған.

Advertisements