ТҮРКІСТАНДЫҚ КӘСІПОРЫНДАР РЕСПУБЛИКА БОЙЫНША ҮЗДІК АТАНДЫ

464

Нұр-Сұлтанда қаласында еліміздің үздік кәсіпорындарына Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы «Алтын сапа» байқауының марапаттау рәсімі өтті. Биылғы байқау Түркістан өңірінің кәсіпкерлері үшін өте табысты болды. 15-ші рет өткізіліп отырған байқауда «Бизнес кемелділік» арнайы халықаралық сыйлығын «Бөрте Милка» ЖШС алса, «Балмұздақ» ЖШС «Іскер» арнайы сыйлығының лауреаты атанды.
2016 жылы іске қосылған «Бөрте Милка» кәсіпорны 100-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Зауыттың өндірістік цехтары Оңтүстік Корея, Швейцария, Германия және Австрияның заманауи технологиялық желілерімен жабдықталған. Зауыт тәулігіне 13-15 тонна сүт өнімдерін өңдейді. Қазіргі уақытта мұнда қаймақ, май, йогурт, құрт, айран, балмұздақ және басқа да көптеген сүт өнімдері шығарылып жатыр.


Сондай-ақ Төле би ауданының «Балмұздақ» ЖШС орта кәсіпкерлік субъектілері арасында «Іскер» сыйлығының лауреаты атанды. Бұл сыйлық қызметінде табысқа қол жеткізіп, өз тауарын үнемі жетілдіруге және оның сапасын жақсартуға ұмтылатын компанияларға беріледі.
250-ге жуық жұмысшысы бар «Балмұздақ» кәсіпорнында балмұздақтың 150-ден астам түрі шығарылады. Жұртшылық тарапынан сұраныс та өте жоғары. Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нақыпбековтың айтуынша, бұл жеңістің орны бөлек. Жеңімпаздардың жетістігі – осы салада қабылданып жатқан мемлекеттік қолдаудың тиімділігінің дәлелі.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

 

Advertisements