Президент өкілетті органдармен жиын өткізді

453

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өкілетті органдар басшыларының кеңесі өтті.

Жиынға Бас прокуратураның, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Қорғаныс және Ішкі істер министрліктерінің бірінші басшылары, сондай-ақ Президент Әкімшілігінің басшылығы мен Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты қатысты.

Мемлекет басшысына қаңтар айының бірінші онкүндігінде еліміздің бірқатар өңірінде болған оқиғалар бойынша сотқа дейінгі алдын ала тергеу амалдарының барысы, сондай-ақ арнайы жүргізілген операциялардың нәтижелері, елімізде қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету шаралары туралы баяндалды.

Кеңес қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар нақты тапсырмалар берді. Қазақстанда, соның ішінде Алматыда болған қайғылы жағдайларды жан-жақты зерттеу мәселесіне, қаза болған бейбіт тұрғындардың нақты санын анықтауға, қиын-қыстау кездерде күштік құрылымдардың іс-қимылдарын үйлестірудің жаңа нормативтік базасын әзірлеуге баса мән берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысына Арнаулы операциялар күштерін жасақтау жұмыстарын жеделдетуді және ұлттық қауіпсіздік жүйесін қайта құру жөнінде нақты ұсыныс беруді тапсырды.

Президент лаңкестікке қарсы операциялар мен тергеу шараларын жүргізу барысында азаматтар құқығының бұзылуына жол бермеудің маңызды екенін айтты.

Advertisements