Түлкібас ауданында жыл басынан бері 40 адам короновирус инфекциясын жұқтырған

502

 

Елімізде соңғы тәулікте 11 мың 524 адамнан коронавирус инфекциясы анықталса, өңірімізде 125 адамнан анықталып отыр. Ауданымызға келетін болсақ, қаңтар айының басынан бастап 40 науқас тіркелді. Оның, 35 симптомсыз үй карантинінде бақылауда болса, 5 науқас стационарда ем қабылдауда.

Бұл жайында аудан әкімі Н.Байғұттың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық жиында аудандық аурухананың бас дәрігері Б.Тұрлыбеков мәлімдеді. Бұдан бөлек ауданымыздың бас дәрігері еліміздегі эпидемиологиялық ахуалдың күрделенуіне байланысты Еліміздің бас санитарының №2 Қаулысында көрсетілген өзгерістерді тоқталып өтті. Қаулыға сәйкес ревакцинациялау мақсатында (екпенің үшінші дозасын егу) 60 жастан асқан азаматтарға, жүкті және жаңадан босанған әйелдерге, медициналық қызметкерлер мен балаларға файзер екпесін тегін салуға рұқсат берілгендігін атап өтті.

Жиынның күн тәртібінде аудан аумағындағы коронавирус инфекциясымен күресу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстармен қатар, инфекцияның таралуын алдын алуға бағытталған мобильді топтардың жұмысы, ауыл шаруашылығының негізгі салаларын дамыту және төтенше жағдайды алдын алу мен аталған саладағы өзекті мәселелер қаралды.

Жауапты баяндамашылардан соң жиынды түйіндеген аудан басшысы мобильді топ мүшелеріне облыстық бас санитарлық дәрігерінің соңғы қаулысында көрсетілген карантиндік шектеу шаралары көрсетілген жадыннама парақшаларын дайындап халыққа таратуды, барлық білім беру ұйымдарында (мектеп, балабақша) дизинфекциялық құрал-жабдықтардың жеткілікті болуын және карантиндік шаралардың қатаң сақталуын қадағалауды тапсырды.

Көктем мезгілінде азық-түлік дефицитін алдын алу мақсатында және бірінші кезекте қажетті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қорын қалыптастыру мақсатында жауапты бөлім басшысына нақты тапсырмалар жүктеді. Бағаны тұрақтандыру мақсатында көкөніс түрлерін егумен және көтерме саудамен айналысатын кәсіпкерлермен келісім-шарт түзуді тапсырды. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерімен осы бағытта жиындар өткізу керектігін атап өтті.
Жауын-шашынның қалыпты мөлшерден едеуір көп жаууына байланысты, аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі мен ауыл әкімдеріне инертті материалдардың, қажетті құрал саймандар мен техникалардың дайын болуын тапсырды. Сондай ақ, жауапты аумақтарында арық-атыздардың бойларын үнемі тазалап тұру қажеттігін ескертті.

Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Advertisements