ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ: «МАҚТААРАЛДА ЖАҢА АУРУХАНА САЛЫНАДЫ»

232
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев мақтааралдықтармен кездесуде тұрғындардың заманауи аурухана салу туралы өтініші орындалатынын жеткізді. «Аудан көлемінде жаңа шағынаудан, мектеп, балабақша салынды. Енді аурухана да салынады. Ол – өте қажет нысан», – деген өңір басшысы өзге де деректерге тоқталып, Мақтааралды дамыту мәселесі назарда тұрғанын жеткізді.
Жалпы 2021 жылы ауданда өнеркәсіп өнімінің көлемі 15,9 млрд теңгені құраған. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 9,7%-ға өсіп, 65,7 млрд. теңгеге жеткен. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге ауданға 5,6 мың тонна жанармай бөлінді. Тыңайтқыштарға да тиісті қаржы қаралған. «Бір алқаптан 2-3 өнім алу» жобасы бойынша 900 гектар аумақта 174 жоба іске асырылып, алғашқы өнім алынған. Бүгінде Мақтаарал ауданынан қырыққабат Ресейге жөнелтіліп жатыр.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 2021 жылы 10 елді мекенде 39 жоба іске асырылып, Қалшораев, Иіржар, Мырзатөбе, Пернебаев елді мекендеріндегі 4 мектеп көрделі жөндеуден өткізілген. 38,8 шақырымды құрайтын 35 көшеге асфальт салынды. 2021 жылы ауданда 12 мектептің және 1 балабақшаның құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп, 8 мектеп пен 1 балабақша пайдалануға берілген. Биыл Алаш, Абат, Еркінабад, Азамат, Нұрлы жол, Өркениет елді мекендерінде 6 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Былтыр Атакент ауылы мен Береке, Иіржар елді мекендеріндегі тозған ауыз су жүйелерін реконструкциялау жұмыстары басталды, биыл толығымен аяқталады. Сондай-ақ өткен жылы Есентаев елді мекеніне жаңа ауыз құбыры тартылып, пайдалануға берілген. Электрмен және газбен қамту бағытында да жұмыстар қолға алынған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Advertisements