Ө.ШӨКЕЕВ: «ГАЗДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСАДЫ»

223
Түркістан облысының 6 ауданындағы 22 елді мекеннің тұрғындары «көгілдір отынға» қосылды. Бұл ауылдарда 6 мыңнан астам үй бар. Газбен қамтамасыз ету үшін бюджеттік қаражат есебінен 410 шақырымнан астам газ құбыры салынды. Өңірдегі газдандыру жұмыстарының барысын талқылау үшін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешовты қабылдады.
— Көптен күткен мәселе шешіліп, ауылды жерлерге газ келіп жатыр. Жақында ғана кентаулықтардың қуанышына куә болдық. Көмірдің қамы, ыс пен күлдің азабынан құтылған сан мың отбасының тұрмысы жаңа сипат алды деуге болады. Енді міне, тағы да 22 елді мекеннің халқы көгілдір отынның қызығын көріп отыр. Көңілде күпті болып, көптен күткен мәселе шешілді. Бұл – облыс экономикасына қосымша қуат беріп, халықтың күнделікті өмірін түбегейлі түрде өзгерткен үлкен жаңалық болды.
Кезең-кезеңімен басқа да елді мекендерге газ жеткізу жұмыстары жалғасады,— деді Өмірзақ Шөкеев.
— Түркістан өңірінде халықтың тығыздығына байланысты біздің негізгі тұтынушыларымыз осында. Сондықтан осы өңірге аса үлкен көңіл бөлеміз. Оңтүстік өңірінде газ тасымалдаудың ең ірі нысандары орналасқан. Осы өңір арқылы ірі газ магистралдары өтеді. Ендігі кезекте алдымызда «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші жүйесін құру ісі тұр, — деді өз сөзінде «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов.
Айта кетейік, алғашқы болып Сауран ауданына қарасты Теке, С.Қожанов, Н.Оңдасынов және Б.Жалаңтөс ауылдары газға қосылды. Бұл елді мекендерде 1 мыңға жуық үй болса, оның 125-і газды қосуға дайын. Тағы 18 әлеуметтік, 10 коммуналдық нысан орналасқан. Осы айдың соңына дейін барлық 22 елді мекен газға қосылады. Олар: Шардара ауданындағы Қоссейіт ауылы, Бәйдібек ауданындағы Мыңбұлақ, Жүзімдік, Бестоғай, Ақбұлақ, Қосбұлақ, Қайнарбұлақ, Мәдениет, Ынтымақ ауылдары, Сарыағаш ауданына қарасты Жаңаталап, Ақүй, Құркелес, Дастан, Алғабас ауылдары, Сауран ауданында Сұлтанбек Қожанов, Нұртас Оңдасынов, Б.Жалаңтөс ауылдары, Отырар ауданындағы Ынталы, Мыңшұқыр, Қоғам ауылдары.
Табиғи газбен қамтамасыз етілген елді мекендердің жалпы саны 457 немесе 54,3%-ға жетті. (1 млн. 374 мың адам немесе 67,2%). Жылдар бойы шешімін таппаған 300-ге жуық нысанның мәселесі шешілді. Бүгінде 252 нысан пайдаланушы ұйымның теңгеріміне өткізілді. Нәтижесінде, 1 млн. 100 мың тұрғын табиғи газды қауіпсіз пайдалануға мүмкіндік алды. Сонымен қатар газ құбырлары мен АГРС-ті күтіп-ұстау және авариялық-диспечерлік қызметтері артты. Биыл тағы 50 нысанның құрылысы жүргізілуде, оның ішінде 15 нысанның құрылысын аяқтап, 33 400 тұрғыны бар 15 елді мекен мен 4 мөлтек ауданды (Шардара қаласы) газға қосу жоспарланған. Сондай-ақ оңтүстік өңірде «Таскескен», «Қақпақ» автоматты газ тарату станциялары іске қосылып, шекара бойында орналасқан Қазығұрт, Сарыағаш аудандарының елді
мекендеріне табиғи газ келді. Шардара қаласында да газ тарату станциясы іске қосылды.
Бюджет есебінен 14 АГРС салынды, оның ішінде 10 нысан жұмыс істеп тұр, 3-еуі биыл қосылады (Қызыләскер, Ескі Иқан, Тоболин), 1-еуі (Шанақ) келесі жылы пайдалануға беріледі. Жалпы 2025 жылдың қорытындысымен қосымша 250 елді мекенге газ құбырын тартып, нәтижесінде елді мекендердің табиғи газбен қамтамасыз етілуін 722-ге (1 791 мың адам), қамту көрсеткіші 85,8%-ға жеткізу жоспарланып отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Advertisements