ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЖАС КӨКПАРШЫЛАРЫ МЕН АУДАРЫСПАҚ ШЕБЕРЛЕРІ РЕСПУБЛИКА ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

173
Алматы облысында Көкпардан өткен ел чемпионатында Түркістан облысының «Тұран» жастар құрама командасы жеңіске жетті. Түркістандықтар төрт топқа бөлінген 17 командасы арасынан үздік шығып, жартылай финалда Жамбыл облысының «Әулие ата» командасын 5-4 есебімен жеңіп, финалға жолдама алды.
Шешуші сында Қызылорда облысының командасымен сынға түсіп, 9-1 есебімен жеңіп, 1-орынды иеленді. Түркістан облысының ұлттық спорт түрлері мектебінің директоры, білікті басшы Ғани Ахметбаевтың спортшыларға жоғары қолдауының арқасында өңіріміздің оғландары биік нәтижеге жетіп келеді. Естеріңізге сала кетсек, өткен жылы республикалық «Ақ бидай» ауыл ойындарында да спортшлары топ жарған болатын. Көкпаршыларды білікті бапкер Еркебай Омарбек баптады.
Алматы төрінде аударыспақтан да жастар арасындағы ел чемпиондарының есімдері белгілі болды. Бұл сында да еліміздің барлық өңірінен білекті де жүректі жігіттері 8 салмақ дәрежесі бойынша мықтыларын анықтады. Түркістан облысының ат үстіндегі балуандары 5 алтын, 1 күміс, 1 қола медальға қол жеткізіп, команалық бас жүлдеге иелік етті. Жеңістің шыңын бағындырған спортшыларға тоқталсақ, 62 келіде – Ермек Құралбай, 68 келіде – Алмат Ләтіпбек және 74 келіде – Дарын Өткелбай, 82 келіде – Құрайыш Расұл, 91 келіде өнер көрсеткен Ғабит Ағабек те қарсыластарынан басым түсіп, облыс қоржына алтын медаль салды. Ал 57 келіде күш сынасқан Жарас Алтынбек күміс алқаны еншілесе, аса ауыр салмақ +91 келіде бағын сынаған Жақсылық Сиязбек қола медальді місе тұтты. Жігіттерді білікті бапкер, аударыспақтан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Түймебек Жұмалиев жарысқа дайындап, жеңіске үлес қосты.
Advertisements