ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШТА «КЕЛІНІ ЖАҚСЫНЫҢ – КЕРЕГЕСІ АЛТЫН» БАЙҚАУЫ ӨТТІ

221
Түркістан облысы, Сарыағаш аудандық мәдениет үйінде Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесіне орай, «Келіні жақсының – керегесі алтын» атты жас келіндер байқауы өтті.
Аталған іс-шарада 10 жас келіншек бақ сынады. Сайыстың шартына орай қазылар алқасы келіндердің киім үлгісі мен жүріс-тұрысына, дайындаған шайына, ұрпақ тәрбиесіндегі сәбиге арнап айтылған жырларына және ситуациялық сұрақтарға ой ұшқырлығын таныта отырып жауап беруіне мән берді. Осы қасиеттері арқылы байқау жеңімпаздарын анықтады.
Жан-жақты дайындығымен келген келіндер сайыста өздерінің ерекшеліктерімен танылып, көптің көңілінен шықты. Сайыс қорытындысы бойынша 1-ші орынды Жаңатұрмыс ауылының келіні Мамурханова Динара, 2-ші орынды қызылжарлық келін Исабекова Гүлжамал, 3-ші орынды Жібек жолы ауылының келіні Айдарәлі Балдана иеленді. Жеңімпаздарға диплом, бағалы сыйлықтар мен гүл шоқтары табысталды.
Қазақтың салт-дәстүрін, әдеп-ғұрыпын насихаттауға үлес қосқан өзге қатысушыларға да диплом, бағалы сыйлықтар мен гүл шоқтары табысталды.
Байқаудың мақсаты – қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын жастар арасында кеңінен насихаттау. Ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту. Отбасының ұйытқысы болған жас келіндерді ақылдылық пен парасаттылықтың, инабаттылықтың үлгісі етіп, өскелең ұрпаққа көрсету.
Қазақ әуелден «Келіні жақсының керегесі алтын» деп босағадан аттаған жас жанның тәрбиесі мен көрген-түйгеніне мән берген. Ғасырлардан келе жатқан осы үрдіс бүгін де өз маңыздылығын жойған жоқ. Оған осы өткен сайыс тағы бір рет дәлел болды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Advertisements